Қызылорда қаласындағы көшеге сот саласында 30 жылға жуық қызмет атқарған, «Үш би» құрмет белгісінің иегері Мерғали Ыбраевтың есімі берілді, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Мерғали Ыбраев 1980 жылдың маусым айынан 1985 жылдың тамыз айына дейін Қызылорда қалалық халық сотының судьясы, 1986 жылдан 1990 жылға дейін Шиелі аудандық сотының төрағасы, 1990 жылдан 1993 жылға дейін облыстық соттың судьясы, 1993 жылдан 1995 жылға дейін облыстық төрелік соттың төрағасы, 1995 жылғы 10 қазаннан 1996 жылғы 12 желтоқсанға дейін Қызылорда облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.
1996 жылдың желтоқсан айынан 2007 жылдың мамыр айына дейін Қызылорда облыстық сотының судьясы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Оның облыстық соттың қалыптасуына сіңірген ерен еңбегі мен сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған еңбектері зор.
Бес бала, он үш немере тәрбиелеген қадірлі әке, аяулы ата Мерғали Ыбраев 2008 жылдың 12 маусымында дүниеден өткен.
Өзінен кейінгі ізбасар жас судьяларға кәсіби біліктілік пен адамгершіліктің өнегесін көрсете білген ардагерге арналып бүгін арнайы ас берілді.
Қадірлі азаматтың ас беру рәсіміне судьяның барша туған-туыстары, сот корпусы жиналды.