12 қараша күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қармақшы ауданының Мәдени
күндері аясында Жосалы кентіндегі «Мәңгілік ел» монументі мен Этноауылдың ашылу
салтанатына қатысты.
«Мәңгілік
ел» монументі жанында жастар ҚР Президентінің Жолдауын қолдауға арналған кең
көлемді акция ұйымдастырды. Акция барысында жас патриоттар Елбасы Жолдауындағы
маңызды мәселелер туралы өз пікірлерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде
айтып, Мәңгілік елге арналған өлеңдерін оқыды. Облыс әкімі жастарды елдігіміз
мен бірлігіміздің айшықты нышаны болатын монументтің ашылуымен құттықтап, жаңа Жолдаудың
маңыздылығын атап өтті.
- Бүгінгі кездесуіміз ерекше. Себебі
кеше ғана Астанада ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Нұрлы
жол» атты тарихи Жолдауын жария етті. Елбасы өз Жолдауында «Мәңгілік ел» берік
идеясын сонау көне түркі заманнан бастау алған философиялық категория
«мәңгілік» ұғымымен сәтті ұштастыра отырып, мемлекетіміздің, дамуымыздың темірқазығын белгіледі. Ал бүгін Жосалы кентін
абаттандыру ісі осындай үлкен идеологиямен ұштастырылып отыр. Бұл алаңның халық
рухының серпілісіне, әсіресе жастардың тәрбиесіне ықпалы орасан зор деп
есептеймін, - деді аймақ басшысы.
Мерекелік іс-шара қазақ халқының
салт-дәстүрі мен өнерін дәріптейтін мәдени нысан Этноауылда жалғасты. Салтанатты
рәсімде сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев Этноауыл кешенін өңіріміздің басқа
жерлерінде жоқ, алғашқы нысан екенін айта келіп, әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың
мәдениеті мен салт-дәстүрін әйгілейтін мәдени орталыққа айналатынына сенім
білдірді.
Сапар соңында аймақ басшысы іргетасы қаланған емхана, кітапхана және
мұражай құрылысы барысымен танысты. 250 келушіге арналған жаңа емхананың
құрылысы аяқталған, бір жеті ішінде медициналық құрал-жабдықтар толық орнатылып болған соң пайдалануға
беріледі. Бұрынғы емхана аудандық
аурухананың бірінші қабатында орналасқан болатын, сондықтан кент тұрғындары жаңа,
қазіргі заманға сай ғимараттың салынуына ризашылықтарын білдірді. Ал мұражай
мен кітапхана келесі жылдың мамыр айында тапсырылатын болады. Өңір басшысы бұл әлеуметтік нысандардың аудан
тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, облыстық денсаулық сақтау
басқармасының басшысына ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек
қызметтерін дамытуына аса мән беруді тапсырды.
"Қармақшы күні” ауқымды шарасы
мерекелік концертке ұласты.