Футболдан ел біріншілігі
аяқталды. Чемпионатта қызылорданың намысын қорғаған «Қайсар» үздік бестікке
табан тіреді. Маусымның жабылу рәсімі салтанатты түрде өтіп, жанкүйерлер
командаға ризашылықтарын білдірді. Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
Өткен жылы Бірінші лигада өнер
көрсеткен қайсарлықтар үшін үздіктермен текетіресу оңайға соқпады. Әрбір ойында
жеңіс үшін жандарын салды. Соңғы турда Қарағандының «Шахтерын» 2:1 есебімен
жеңіп, ел біріншілігінде бесінші орынды иеленді. Жалпы маусымда қайсарлықтар 32
матч өткізіп, оның 10 ойынында жеңіске жетті. 13 кездесуді тең нәтижемен
аяқтады. Қарсыластар қақпасына 30 гол соғып, өздері 34 гол жіберіп алды.
Аяқдопшыларды футбол маусымының
аяқталуымен құттықтаған аймақ басшысы келер жылы жүлделі орыннан көрінуге
тілектестігін жеткізді. Ол үшін барлық жағдай жасалатынында айтты. Бастысы
келер жылы 3000 көрерменге арналған
жабық кешенді футбол стадионынының құрылысы басталады. Сондай-ақ 15 мың жанкүйерге
арналған стадион мен команда базасы салынады.
Футбол маусымын қорытындылау
кешінде облыстық футбол федерациясының төрағасы Нұржан Әлібаев ойыншыларды жетістігімен
құттықтап, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен қолдауына алғысын білдірді.
Жанкүйерлер арасында жүргізген
сауалнама арқылы маусымдағы ең үздік соғылған 5 гол анықталды. Сонымен қатар,
аяқдопшылар «Ең момын ойыншы», «Ең тәртіпті», «Ең байсалды», «Ең көңілді»
номинациялары бойынша марапатталды. Дмитрий Огай «Ең үздік бапкер» атағына ие
болды.
«Қайсар» алдағы маусымдарда да
жанкүйерлерін сәтті ойындарымен қуантып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.