Бүгін елордада Қызылорда облысы мен қаласының әкімдігі және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Ахатов және ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман қатысты.
«Бүгін Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қойып отырмыз. Аталған жоба қалдықтарды механикалық-биологиялық өңдеу кешенінің, жаңа санитарлық қоқыс полигонның құрылысын, жабдықтар мен станоктарды сатып алуды қамтиды», - деді қол қою рәсімінде ЕҚҚДБ өкілі.
Ал Н.Ахатовтың атап өтуінше, банк бұл жобаны қаржыландыруға 3,6 млрд. теңге бөледі. Несиелендіру мерзімі - 3 жыл. Жобаға қажетті қаржының алғашқы траншы келесі жылы беріледі.
«Жобаны іске асыру кезінде қаламыздың экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы жақсаратын болады. Бұған қоса, жоба тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің басқару жүйесін дамытуға да оң әсерін тигізеді», - деді ол.