САРАТС жобасының
екінші кезеңі жүзеге асқан уақытта Арал теңізінен 30 мың тоннадан астам балық
ауланатын болады. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев ҚР
Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз
мәслихатында мәлімдеді.
Қызылорда облысында
балық кластерін дамыту мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен біршама
инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығы саласы
бойынша бірлескен кәсіпорындар құру арқылы («СПК Қызылорда Балық» ЖШС,
«Қаратерең Балық» ЖШС, «Бөген» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС) жалпы құны 383
млн. теңге құрайтын 3 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Аталған
кәсіпорындар арқылы үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы құны
456 млн. теңге құрайтын 1121 тонна балық
өнімдері өндірілді.
Арал қаласындағы
қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық өңдейтін «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-гін ұзақ
мерзімге жалға алу келісіліп, бүгінгі таңда кәсіпорын өз жұмысын жалғастыруда.
Кәсіпорынның жұмысын жандандыру және айналым қорын ұлғайту мақсатында
«Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС арқылы 65 млн. теңге жеңілдетілген несие
берілді. Үстіміздегі жылдың 9 айында бұл кәсіпорында құны 381,5 млн. теңге
құрайтын 231 тн балық өнімдері өндірілді. Бұл өнімдердің ішінде құны 12,2 млн.
теңге құрайтын 71 тонна балық өнімдері экспортталды. Бүгінгі күні «Арал балық
өңдеу зауыты» ЖШС-гі өндірісті басқару және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі
стандарттарын енгізіп, тиісті сертификаттарын алды. Сонымен қатар, кәсіпорын
шығарылатын балық өнімдеріне еврономер алу бағытында жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі таңда кәсіпорын арқылы Арал теңізінің 2 учаскесінен келісім шарт
негізінде балық аулануда. Кәсіпорында 75 адам жұмысқа тартылып отыр.
Сонымен қатар,
Қызылорда қаласына қарасты Иіркөл өңірінде 459 га жерде тоғанды балық
шаруашылығын ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте «Болат» ШҚ-на
жалпы көлемі 166 га құрайтын жер телімі 2 жыл мерзімге жалға берілді.
Аталған тоған
шаруашылығын толықтай іске қосуды және
инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге
бөлінді. Қазіргі таңда электр желісін жеткізудің жоба-сметалық құжаттары
әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен
қатар, Республикалық меншіктегі
«Қамыстыбас балық питомнигі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын
коммуналдық меншікке алып, «Байқоңыр ӘКК» ҰК» АҚ-ң жарғылық қорын ұлғайту
жолымен теңгеріміне беру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.