САРАТС жобасының
екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі шешілді. «Ғасыр жобасын» жүзеге асыруға
дүниежүзілік банк қаржы бөледі. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі
Қ.Көшербаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен
баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Елбасының тікелей
бастамасымен табаны құрғаған теңізді қайтару мақсатында «Сырдария өзенінің
арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға
алынды. Сан жылдардан бері қасіреттен көз ашпаған халық сағымға айналған
қуанышты күндерінің қайта оралатына сеніммен қарады. Халықаралық сарапшылар
«Ғасыр жобасы» деп әспеттеген «САРАТС-тың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асты.
Қомақты қаржыға
Үлкен және Кіші Аралдың түйіскен тұсына 13 шақырымды құрайтын Көкарал бөгеті
салынып, Сырдария өзенінің арнасы тазартылды. Бұған қоса, бірнеше
гидротехникалық құрылғылар орнатылды. Нәтижесінде Сырдария өзенінің су өткізу
мүмкіндігі артты. Теңіздің құрғаған 870 шақырымын су басып, балық түрлері
көбейді. Судың тұздылығы төмендеді. Бұрын балықтың бір түрі қалса, қазір су
маржанының саны жиырмадан асты. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 5 мың тоннаға
жетті. Теңіз Арал қаласына 74 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады.
Бүгінде «ғасыр
жобасының» екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі де шешілді. Дүниежүзілік
банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа Сыр өңіріне
арнайы келіп, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға ҚР Үкіметімен меморандумға
қол қойған болатын.
Енді жыл соңына
дейін құжаттар рәсімделіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жоба жүзеге
асқан кезде балық аулау көлемі 30 мың тоннаға жетеді. Балық шаруашылығы
саласының өзінде 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Теңіз айдыны мен Арал
қаласының арақашықтығы 1 шақырымға дейін жақындайды.