Кітапсүйер қауым үшін қуанышты жаңалық. Белгілі журналист Бақтыбай Бердібаевтың «Қайсар қалам» атты тұңғыш кітабы оқырман қолына тиді. Туынды «Дала» баспасынан мың дана таралыммен жарық көріп отыр. Бақтыбай Бердібаевтың ақпарат айдынына ескек салғанына қырық жылға жуықтапты. Ұзақ жылдар бойы облыстық радиода жұмыс істеп, эфирді жаңғыртып тұратын жарқын дауысымен көпшілікке танылған, қазіргі уақытта «Сыр бойы» газетінде қызмет жасайтын әріптес ағамыздың қайсар қаламынан туған бұл кітабы оқырмандар үшін үлкен базарлық болмақ. Туындының ішкі мазмұны да, сыртқы безендірілуі де оқырман ойынан шығады. Өмір өрісі мен тіршілік тынысына тілшінің көзімен қарап, көңілімен саралайтын автордың айтары мол. Әр кезде, әр түрлі жағдайда жазылған жазбалардың басын құрайтын бұл жинақ бір жағынан журналистің жұрт алдындағы есебі деп те қабылдауға болады. Кітап «Жүрекке жақын жандар», «Отан үшін от кешкендер», «Шеберлік шыңына шыққандар» және «Өзгелер өзім туралы» деген төрт тараудан тұрады. Ер мен елдің ісін сөз еткен, жақсылығын жар салған автордың шығармалар жинағы оқырман қауымның оң бағасын аларына бек сенімдіміз.