Республика көлемінде ағымдағы жылдың қазан айының 28-30 күндері аралығында «Мүлдем төзбеушілік» акциясы ұйымдастырылуда. Акцияның негізгі мақсаты – халық арасында тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен құқықтық мәдениетін көтеру болып табылады.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметінің хабаралуынша, акцияға Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, прокуратура органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясының және қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатыстырылуда. Аталған акцияға ішкі істер органдарының 527 қызметкері жұмылдырылып, олардың 1 күндік жұмыстарының нәтижесінде барлығы 497 әкімшілік құқық бұзушылықтың орын алғандығы, оның ішінде тыныштықты бұзған 28 азаматқа (ҚР ӘҚБтК 333-бабы), қала және елдi мекендердің аумақтарын көрiктендiру ережелерiн бұзғаны үшін 42 азаматқа (ӘҚБтК 387-бабы), спирттік ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 48 азаматқа (ҚР ӘҚБтК 336-бабы), қоғамдық орындарды ластағаны үшін 52 азаматқа (ӘҚБтК 330-бабы), жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 18 азаматқа (ӘҚБтК 336-1-бабы), кәмелетке толмағандардың түн мезгілінде заңды өкілінсіз бей-берекет жүруіне жол берген 23 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 336-4-бабы) және ұялы телефонмен сөйлесіп көлік басқарған 93 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 461-1-бабы), белгіленген жылдамдықты асырып көлік басқарған 56 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы), қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 96 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы), жаяу жүргіншілерге жол бермеген 6 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 463-7-бабы), спирттік ішімдік ішіп көлік басқарған 9 азаматқа (ҚР ӘҚБтК-нің 467-бабы), белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен 9 жаяу жүргіншіге (ҚР ӘҚБтК-нің 473-бабы) қатысты әкімшілік шара көрілгендігі анықталды.
Сондай-ақ, акция аясында ОІІД Әкімшілік полиция ғимаратында «мүлдем төзбеушілік» қағидаты төңірегінде атқарылған жұмыстар жайы сөз болған брифинг өткізілді. Брифингтен кейін полиция қызметкерлері облыстық, қалалық телеарналардың журналистерімен біріге отырып рейдке шықты, ұсақ бұзақылық жасаған қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.