Ежелден елдік мүддені негіз еткен айтыс өнері бұдан әрі де осы бағытта дамытылуға тиіс. Ал,ақындар нені жырласа да, негізгі алтын қазығы, ұстанымы мемлекетшілдік, отансүйгіштік, ұлттық мүдде, ынтымақ пен бірлік болуы қажет. Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен «Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің дамуы, мәселелері және болашақ бағыты» атты дөңгелек үстел барысында айтыстың басы-қасында жүрген азаматтардың ортақ пікірі осы болды.
Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Қырықбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы Бекболат Тілеухан, және есімі елге кеңінен танымал Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева сынды 30-ға тарта айтыскер ақын қатысты
Зиялы қауым отырыс барысында айтыс төңірегінде қордаланған мәселелерді кеңінен талқылай келе, ұлттық өнердің болашақ даму бағдарына ойысты.
Осы тақырыпты кеңінен қамти келе Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл айтыстың заманауи бағдарын анықтау үшін, ең әуелі, «елдік мүдде» деген сөздің мәнісін айқындап алу керектігіне тоқталды. Себебі, қазір «айтыс» дегенді билікті сынау деп түсіну белең алғаны жасырын емес.
«Елдік мүдде» деген парламентті немесе билікті, облыстың әкімін бас салып сынау ма, жоқ әлде басқа дүние ме?», – деді қоғам қайраткері жиылғандарға қарата.
Осы орайда айтыстың ежелден ұлттың еңсесін биіктеткен, бұқараны ұйыстыратын өнер екеніне тоқталған ақын Жүрсін Ерман: «Бұл елдің ынтымағын бұзып, арасын ашатын құбылыс болмауы керек. Дұрыс пайдалана білсек, ол біздің қоғамға әлі талай қызмет етеді. Қазақ сияқты сөз қадірін түсінетін халыққа бұдан өтімді өнер жоқ. Бұл ретте «Нұр Отанның» қолдауының маңызы зор. Әсіресе, Одақ жұмысын жолға қоюда зор мәнге ие», – деді.
Бұл ойды құптаған белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев та: «Ақындар нені жырласа да, негізгі алтын қазығы, ұстанымы мемлекетшілдік, отансүйгіштік, елдік мақсат, ұлттық мүдде, ынтымақ пен бірлік болуы тиіс», – деді.
Сонымен қатар, А.Әлтаев ақындардың жекелеген саяси күштердің, ағымдардың идеологиясына түсіп кетуден сақ болып, халықтың ғана сөзін сөйлеуге, елдік мүддені мақсат тұтуға міндетті екенін де айта кетті.
Бұл тұрғыда айтыстың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Бекболат Тілеухан «кез-келген істің түпкі мақсаты елдік мүдде болуға тиіс» дей келе: «Осы мәселелерді түсіндіріп, жас ақындардың саяси сауатын ашу үшін «Нұр Отан» өте оңтайлы алаң. Айтылған мәселелерге шамам келгенше үлес қосу менің «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретіндегі бір міндетім деп қабылдаңыздар», – деді.
Бүгінде айтысқа барынша қолдау көрсетіп жүрген «Нұр Отан» партиясының да басты мақсаты – айтыстың әлеуетін пайдаланып, халықтың ауызбіршілігін сақтау екенін тілге тиек еткен партия Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Арман Қырықбаев та айтыстың темірқазығы – елдік мүдде болуға тиісті екеніне кеңінен тоқталды. «Кейбір нәрселер бір күнде бола салмайды. «Бір күнде болдырамын» деген Украинаның не болғанын көріп отырсыздар. Бүгінгі отырыс та осының барлығын терең пайымдап, ойласа келе жасалған шаруа. Аяғында барлығымыз елдікке, мемлекеттік бағытқа тоқталуымыз, жұмылуымыз керек», – деді ол.
Осы орайда, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Елдегі үлкен саяси күш ретінде Елбасының нұсқауымен «Нұр Отанның» айтысқа қолдау көрсетіп отырғанына өз басым қуаныштымын. Айтыстың қайтадан кеңінен насихатталуына ықпал етіп отыр. Жыл сайын Мәдениет министрлігі арқылы қаржы бөлгізуде. Осының барлығы айналып келгенде елдің болашағы үшін атқарылып жатқан шаралар. Сондықтан, осы салада жүрген азаматтар енді жан-жаққа тартпай, бір мақсатқа жұмылғаны жөн», – деді.