Қызылорда облысының прокурорлары аймақ сақшыларының «қылмысқа нольдік төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарын нәтижесіз деп таныды. «Облыс орталығындағы сыртқы бейнебақылау камераларының 60-қа жуығы қажетсіз күйде тұр. Өйткені бұл жерлерде түн мезгілінде қажетті жарықшамдар орнатылмаған», - дейді қадағалау органының өкілдері.
Прокурорлық тексеру барысында қоғамдық қауіпсіздікке жауапты полицейлер тарапынан да бірқатар заңсыздықтар анықталды. Тәртіп сақшылары мен сот орындаушылардың өз қызметіне салғырт қарауы салдарынан мемлекетке төленуі тиіс 30 миллион теңге өндірілмеген.
Қызылорда облысы прокурорының орынбасары
Руслан Райханов: "Облыстық сот актілерін орындау департаменті қызметін тексеру барысында жалпы көлемі 19 млн 446 мың теңгені құрайтын мәжбүрлеп өндіріп алу жөніндегі 2100 қаулы орындалмаған. Сондай-ақ Ішкі істер департаменті тарапынан өз еркімен төленуі тиіс 12 млн 967 мың теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар туралы 1710 қаулы мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберілмеген", - деп атап өтті.