Алаяқтық қылмысты өршітер жол – заңды білмеушілік

Алаяқтық қылмысты өршітер жол – заңды білмеушілікБүгінгі нарықтық заманда елімізде қандай кәсіппен айналыссаң да жол ашық, тек қана ерінбей адал еңбек етіп, наныңды адал жолмен тапсаң болғаны. Алайда, көк қағазға құнығып, тірліктерін алдау арқылы тындыруды, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді мақсат еткен жандар жетерлік.

Жасырын емес, соңғы кездері алаяқтардың арбауына түскен адамдар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып келеді. Осы санаттағы қылмыстардың өсім алуы құзіретті билік органдарын да алаңдатуда. Осы бағытта, алаяқтық қылмысымен күресу жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелер бірлесіп, біршама жұмыстар жүргізіп келеді. Дегенмен, әлі де болса алдау жолымен құрығына түсіріп, сенімге қиянат жасап, құр уәдемен ауыз толтыратын алаяқтардың саны азаяр емес.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгін де елімізде алаяқтық әрекеттің белең алғаны байқалады. Алаяқтық қылмыс өткен 2013 жылдың 9 айымен салыстырғанда 2014 жылы 0,7 пайызға өсім алған, яғни 2013 жылдың 9 айында Қызылорда қаласы бойынша 689 қылмысы тіркелсе, 2014 жылдың 9 айында 694 қылмыс орын алған. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, көбіне алаяқтардың арбауына қалта телефонынан айырылатын кішкентай балалар ілігетін көрінеді. Одан кейін ақшадан бастап, құнды құжаттар мен жылжымайтын мүлікке ауыз сала бастайды. Айта кетейік, тұрғындар құқықтық сауатсыздығы салдарынан алаяқтың арбауына түседі. Алаяқтар көбінесе адамды алдап, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселерді ерікті түрде бергізеді. Олар өтірікті шындай етіп соғатын айлакер, таза әрі әдемі киінетін, асықпай сөйлеп, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудырады.Содан кейін оңай олжаны қалтасына басып алып, табанын жалтыратады.

Осындай құқықтық сауатсыздықтың әсерінен орын алған қылмыстың қатарына мынадай мысал келтіре аламыз. Қызылорда қаласының екі тұрғыны азаматша С.З. мен С.Ж. келісіп, бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында қала тұрғыны А.З.-мен танысады. Жылы шырай танытып, өтірікті шындай қылып жеткізетін сөздерінің арқасында оның сеніміне кіріп, жүк автокөлігі мен тұрғын үйін кепілге қойғызады. Банктен алған 3000000 теңгесін алып, өз пайдаларына жаратады. Осындай тәсілмен басқа да Қызылорда қаласының 13 азаматтарын алдап, банктен әр түрлі ірі мөлшерде ақша алып, өз пайдаларына жаратқандары анықталды. Бүгінгі таңда күдікті екі азаматша құрықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Осындай «келеңсіз жағдайларға тап болмай, алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы бағытта, мынадай кеңестер беруге болады. Ең бірінші, қазақшылықтан арылып, заңды жолмен жүруге ерінбей, оңай олжа табуға ұмтылудан арылу керек. Екіншіден, салғырттыққа жол бермей, бейтаныс, тосыннан кездескен адамдардың айтқандарына сенбей, өзіндік пікірді, көзқарасты қалыптастыру керек. Құқықтық сауатсыздыққа жол бермей, әр істі бастағанда заңгерлермен, заң органдары мамандарымен ақылдасып отыру қажет екенін ескертеміз.

Қорытындылай келе, алаяқтық – қоғамда жиі орын алатын қылмыстың түрі. Бұл қылмысқа тоқтау болар басты жол – халықты құқықтық сауаттандыру әрі істің өз жазасы бар екенін түсіндіру. Осы орайда, бөтеннің мүлкін ұрлау, бөтеннің мүлкіне қол сұғу арқылы сенімге қиянат жасау, оңай олжа табу мақсатында бірнеше алаяқ қылмыстарын жасау заң органдарымен жазаланып, қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны ескертіледі.

 

 

Ғани Сүлейменов, Қызылорда ҚІІБ бастығы, полиция полковнигі 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2014 г. 1 071 0