Бүгін - Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні

Осыдан тура 90 жыл бұрын (1924) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі НҰРПЕЙІСОВ Әбдіжәміл Кәрімұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Мәскеудегі М.Горкий атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті қызметін атқарған. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрген. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілген. «Курляндия» романын кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған.

Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен, РКФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған.

144 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.

Ресейдің Воронеж қаласында туған. Ол әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.

Оның «Не пугай меня грозой» деген өлеңін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғ.Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қазан 2014 г. 1 024 0