Азия ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

Азия ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілдіҚала күні қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда өткен Инчхондағы Азия ойындарынан жеңіспен оралған қызылордалық спорт саңлақтары Алмас Өтешов пен оның бапкері Илья Ильин, Қызылорда гандбол командасының бапкері Вячеслав Ким және оның шәкірттерін қабылдады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы спортшыларды жеңістерімен құттықтап, өңіріміздің спорт саласы мен дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

- Мемлекет басшысының қолдауының арқасында спорт саласындағы жетістіктеріміз еселенуде. Биыл Тереңөзек кенті мен Шаған ауылында спорт кешендері халықтың игілігіне берілсе, Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қызылорда қаласында бокс орталығы және ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ипподром құрылыстары басталды. Және болашақта Сырдарияның сол жағалауынан15 мың адамға арналған жаңадан футбол стадионы, оның жанынан стандартқа сәйкес 6 футбол алаңы, Қайсардың базасы және футбол академиясын салу жоспарлануда, - деді облыс әкімі.

Кездесу соңында жүлдегер спортшыларға қаржылай сыйақы табыс етілді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қазан 2014 г. 656 0