Жыл басынан 5 дәрігерлік амбулатория ашылды(видео)
Қазалы аудандық ауруханасының бас ғимаратының кірпіші 40 жыл бұрын қаланған. Ем алушыларға таршылық еткесін, тері аурулары, терапия және перзентхана бөлімшелері бөлек орналасқан. Кезінде жатақхана үлгісінде салынған бұл нысандардың да жағдайы мәз емес.
Итеш Қосымов, Қазалы ауданының тұрғыны -Енді бұл ғимарат көп жағдайда кемістігі бар екені көрініп тұр. Көне, ескі проектімен салынған. Шүкіршілік, бірақ дегенмен ауданда 70-80 мыңдай халық бар. Жаңа емхана, жаңа аурухана салынып жатса өте дұрыс болар еді.
Жыл сайын аурухана ғимараттары қомақты қаржыға әрленеді. Биыл да бұл мақсатқа 10 миллион теңгедей жұмсалды. Дегенмен ескі дүниені қалпына келтіру мүмкін емес. Осыны ескерген облыс басшылығы ауданға келер жылы жаңа 150 орындық аурухана салуды жоспарлап қойыпты.
Нұрлан Кәрібаев, Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері -Және қосымша перзентхана бар осы ауданымыздың бір бөлігінде. Оған да қазір қосымша ремонттар жүргізіп жатырмыз. Ол да қазір дайын, жылу толық қамтамасыз етіліп жатыр. Енді 2015 жылға жаңа тиісті аурухана салу программада тұр. Оның сметалық құжаттары дайындалып, 40 млн 192 мың теңге ақшасы бөлініп тұрған.
Қазалының орталығымен салыстырғанда, ауылдық жердегі медицинаның ахуалы көш ілгері деуге болады. Мәселен, ауданның өткен жылы 4, биыл 5 елдімекенінен жаңа емхана бой көтеріп, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Оның үстіне жедел жәрдем станциясы жаңа 7 көлікпен толықты.