Қызылорда облысы Арал ауданының Қамбаш көлінде желкен спортынан «Аралдың қайта жандануы» атты II республикалық турнир өз мәресіне жетті. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлайды.
Дүбірлі додаға Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан 4 команда, 40 спортшы өзара сынға түсті.
5 күнге созылған желкенді қайық сайысының қорытындысында 3 бағдарлама бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
«Луч» бағдарламасы бойынша Алматы облысы спортшыларының мерейі үстем болды. Ересектер арасында тартысты өткен бұл бағдарламада Владимир Щанкин қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. «Шағын-Луч» бағдарламасында Алматы облысының жігіттері барлық жүлдені өз қанжығаларына байлады. «Оптимист» бәсекесінде кіші топтағы ұлдар мен қыздар қатысты. Ұлдар арасында Александр Вакуленко (Алматы облысы) бірінші орынды жеңіп алса, оңтүстік қазақстандық Арон Барков тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Жүлделі үшінші орынды Андрей Рау (Алматы облысы) иеленді. Қыздар арасында Мария Морозованың (ОҚО) мерейі үстем болса, Карина Дужосарова мен Снежана Рау (екеуі де Алматы облысынан) екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубок, дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Айта кетейік, I орынға 100 мың теңге, II орынға 80 мың теңге, III орынға 60 теңгеден үйлестірілді.