Нашақорлықпен күрес – баршаның міндеті

Нашақорлықпен күрес – баршаның міндетіБүгін Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің кіші мәжіліс залында ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен «Үкіметтік емес ұйымдармен нашақорлықтың алдын алу қызметін кеңейту мен өзара жұмыс жасасудың жаңа нысандары және әдістерін енгізу» тақырыбында бірлескен кеңес өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.

Семинар-кеңеске Қызылорда облысының денсаулық сақтау, білім, ішкі саясат және жастар саясаты мәселелері бойынша басқармалары мамандары мен «Арылу», «Ұлт тағдыры», «Болашақ жастары», «Жастардың спорттық туризм және туристік көпсайыс федерациясы» сынды қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Семинар-кеңестің мақсаты – нашақорлықтың адамға әкелер қасіреті жайлы жан-жақты ақпарат бере отырып, есірткіден азат қоғам құру бағытында жоғарыда аталған мекеме және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен түрде жұмыс жүргізу, нашақорлықтың алдын алуда волонтерлық, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін мақсатты түрде пайдалану мүмкіндігі, туындайтын мәселелер және оны шешу бағытында атқарылатын жұмыстар жайлы сөз қозғау және осы тақырыпта пікіралысу болып табылады.

Семинар-кеңесті Қызылорда ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі И.Ибраев ашып, нашақорлықпен күрес бағытында атқарылып жатырған жұмыстар жайлы қысқаша баяндап, семинар-кеңестің бағдарламасымен таныстырып өтті.

Бұдан кейін сөз тізгінін Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы Саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Қ.Есбосын алып, нашақорлықпен күресу, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында 106 жоба жүзеге асырылып жатқандығын айта келіп, бұл бағытта атқарылу керек жұмыстар әлі де көп екенін жеткізді. Сондай-ақ, нашақорлықтың алдын алу немесе нашақорлық дертінен зардап шеккен адамдарды қалыпты өмірге бейімдеу мақсатында мемлекеттік мекемелермен, ұйымдармен меморандум жасалып, бірнеше жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сондай жобалардың бірі – «Робинзон из Кызылорды». Бұл жобаның басты мақсаты– жастардың уақытын тиімді пайдалану үшін туристік саяхаттар, экскурсиялар ұйымдастырып, тәртібі нашар балалардың белсенді жастармен араласып, тығыз қарым-қатынас жасауына мүмкіндік жасау екенін жеткізді. Осы бағытта нәтижелі әрі үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар әлі де аз екенін айта келіп, жиналған кеңес қонақтарына «мақсаты айқын, көздеген міндеті бар әлеуметтік жобалар бар болса, ұсынуға болатындығын» сөз етті.

Қ.Есбосынның сөзін қолдай келе, «Болашақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Мәстеков нашақорлыққа қарсы күрес құралы – оны таратуға қарсы бүкіл адамзаттың жұмылуы екенін баса айтты. Осы тұрғыдан алғанда, бұл құбылыстың барлық қасіреттері жөнінде адамдарды толық, жан-жақты ақпараттандыру – мақсатқа қол жеткізудің ең тиімді құралы екенін айтты. Осы бағытта БАҚ күшін пайдалана отырып, жастар санасының улануының алдын алып, салауатты өмір салтын насихаттайтын бейнероликтер көрсету керектігін жеткізді.

Сондай-ақ кеңесте Қызылорда ОМО-ның бас дәрігері Б.Бектегеннің, «Арылу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.П.Юнның баяндамалары тыңдалды.

Жиын соңында кеңес қонақтары жастармен тиімді жұмыс жасап, рухани құндылығының артуына, дұрыс жолдан сүрінбей, болашаққа дұрыс бағдар беріп келе жатқан мектеп директорының «Үздік тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын» марапаттау керектігін ұсынды. Бұл ұсыныс барлық кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Семинар-кеңес айтылған мәселелердің жерде қалмай, кеңесте қаралған мәселелер төңірегінде тиімді жұмыстар атқарылуы керектігі жайлы тұжырым жасалынып, қорытындыланды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2014 г. 1 478 0