Сыр бойының бас шаһары гүл қалаға айналды (видео)

Сыр бойының бас шаһары гүл қалаға айналды (видео)Соңғы 2-3 жылда Сыр бойының бас шаһары ерекше гүлге көмкерілді. Климаты құрғақ Қызылорда топырағына әсем де нәзік өсімдікті өсіру оңай шаруа емес. Дегенмен, көркейту-көгалдандыру жұмысымен ғылыми түрде айналысқан «Жасұлан-Флора» серіктестігінің мамандары сортаң жерді гүлдендіре білді. Аптап ыстыққа шыдас берген өскіндер күздің қоңыр салқынында да жайқалып тұр.

Облыс орталығында 20 мың шаршы метр жерге петуния, кохия, портулак, пеларгония, тагетес сынды гүлдер егіп, жаз бойы айналаны саялы мекенге айналдырған «Жасұлан-Флора» мекемесі енді күздік өсімдіктер отырғызды.

Жұмагүл Омарова, «Жасұлан-Флора» ЖШС бас директоры
- Қызылорда қаласының клумбаларына брассика деген қырыққабат отырғызып қойдық. Қандай әсем, қандай әдемі. Саябақта, көшеде жайнап тұрған гүлдер халықтың көңіліне өте зор әсері бар.

Гүлзарлар мен саябақтарда, ғимараттардың айналасындағы көздің жауын алатын гүлдерді күтіп-баптау үшін маусымдық жұмысқа 70 адам тартылған. Бағбандар көрнекі өскіннің әр талын ерекше мәпелейді.

Нәзира Айбөпеева, бағбан
- Гүлді бала сияқты баптап, шөптерін алып, тазалап уақытылы бигумус береміз. Ауа райының қаншалықты қиындығына қарамай, осыны күндіз-түні біз баптап, әдемілеп өсіріп жатырмыз.

«Жасұлан-Флора» серіктестігінің Тараздағы жылыжайында жылына 10 млн түп гүл өсіріліп, Елордасы Астанадан бастап, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Павлодар көшелерін безендіреді. Ертіс-Есіл-Сырдың бойын түгел гүлмен көмкерген мекеме дизайнерлері алдағы уақытта да аймақтың ажарын арттыратын ғажайып туындыларды жасауды қазірден бастап кетті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / БЕЙНЕБАЯН 13 қазан 2014 г. 1 814 0