Қызылорда қаласының және барлық аудандардағы ірі жабдықтаушылар мен өнімді өндірушілер арасында негізгі азық-түлік тауарларын 5-10 пайыздық үстемеден асырмай сату жөнінде 46 меморандумға қол қойылған. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылық басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Жыл басынан бері облыс тұрғындарын сапалы және арзан бағада өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында халықтың көп шоғырланатын жерлерінде 58 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп, 114,9 млн. теңгенің өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды.
2014 жылы «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ жарғылық қорын ұлғайту арқылы «Қызылорда Қаржы Компаниясы» ЖШС 1 сортты ұн, қант және ақ күріш бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында аталған тауарларды сатып алуға 200,0 млн. теңге бөлінді. 2014 жылдың 11 ақпанынан бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қорынан қала және облыс бойынша орналасқан әлеуметтік-сауда павильондар, аудандардағы операторлардың сауда желілері арқылы 245 тонна сәбіз, 405 тонна пияз, 311,8 тонна қант сатылды.
Үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын басқару жөніндегі комиссия отырысымен тұрақтандыру қорына: 2850 тонна картоп, 1000 тонна басты пияз, 500 тонна сәбіз, 100 тонна қырыққабат, 2000 тонна күріш, 500 тонна қант, 100 тонна макарон, 50 тонна өсімдік майы, 60 тонна ас тұзы; 10 тонна шәй сатып алуға шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта осы белгіленген көлемнен тұрақтандыру қорына: 500 тонна картоп, 1000 тонна басты пияз, 500 тонна сәбіз, 87,6 тонна күріш сатып алынды.