«Қала күнінде» 7 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

«Қала күнінде» 7 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледіҚызылорда қаласында қазан айының екінші онкүндігінде «Қала күні» аталып өтілмек. Мереке аясында әлеуметтік нысандарды пайдалануға беріліп, қаланың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі болады. Сонымен қатар, арзан бағада ауыл шаруашылығы өнімдерінен жәрмеңкесі және өзге де түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Нақтырақ айтқанда, 13-19 қазан аралығында бірқатар іс-шаралар болады. Оның ішінде «Сыр - Алаштың анасы» тақырыбында жас ақындар мүшайрасы, «Әнім сенсің, Қызылорда» атты облыстық композиторлар мен жас әншілер байқауы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, сала мамандарының бастамалары мен шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында «Қызылордалықтар таңдауы» атты байқау өткізіледі. Байқау барысында түрлі саладағы ең үздік мамандар қызылордалықтардың дауыс беріп, таңдауы негізінде анықталады.

Негізгі мерекелік шараларға келетін болсақ, 17 қазанда «Мерей мәртебем -Қызылорда» атты қала күніне арналған салтанатты шара өткізіледі. 17-18 қазанда спорт және ойын алаңдары, Ақсуат, Қызылжарма ауылдық окруктеріндегі балабақша мен амбулатория, Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойындағы тұрғын үй пайдалануға беріледі. 18 қазан күні қала күніне арналған эстрада жұлдыздарының гала концерті және мерекелік отшашу болады. 19 қазанда қаланың 9 аумағында қала және аудандардың ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2014 г. 759 0