Есірткі тасымалдаушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Есірткі тасымалдаушы 10 жылға бас бостандығынан айырылдыЕсірткі тасымалдаймын деп өмірінің 10 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Сотта есірткі зат тасымалдаушының кінәсі толығымен дәлелденіп, оған қатысты айыптау үкімі қабылданды.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен оның мүлкі тәркіленіп, өте ірі мөлшерде есірткі заттарды заңсыз иемденіп тасымалдаған үшін және көрінеу жалған құжат дайындап, пайдаланғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұл туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Қаракөз Сәрсенбаева мәлім етті.

Оқиға былай өрбіген. Жедел хабар түскеннен кейін, полиция қызметкерлері Қармақшы ауданы бағытына бет алып келе жатқан автокөлікке тоқтау туралы белгі бергенде, ол күрт кері бұрылады. Қашқан адам 15 шақырымнан кейін көлігінің екі бірдей балоны жарылған соң ғана тоқтайды.

Машинаны тексеру кезінде онда 10 орама кептірілген марихуана табылды. Жүргізушінің айтуынша, ол бұл затты Ақтөбе қаласына жеткізбек болған.

Сот отырысында сотталушы кінәсін ішінара мойындап, оған танымайтын адамдар 2 сөмкені Ақтөбе қаласына жеткізіп беруді сұрағанын, есесіне 200 мың теңге беретінін, сөмкелерде не зат болғанын білмегінін айтып, ақталды.

Құжаттарды тексеру барысында сотталушының көлік жүргізу куәлігін қолдан жасап алғаны анықталды. Ол 2013 жылы 2 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын, сосын көшеде бір осындай куәлік тауып алып, өзінің суретін жапсырып, көлік айдап жүргенін айтты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2014 г. 632 0