Бүгін Қызылордада «Қорқыт және Ұлы
дала сазы» халықаралық дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі салтанатты
түрде ашылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өзбек, татар, башқұрт, түрік,
әзірбайжан елінен келген 36 өнерпаз бен
өнер ұжымдары 2 күн бойы дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, өз өнерлерін
көрсеттеді.
Бұл фестиваль үш жылда бір рет
Қорқыт атаның туған жерінде өтіп тұрады. Халықаралық шараға ақын, жазушылар,
ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, ғалымдар келді. Салтанатты шараға Қызылорда облысының
әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
- Еліміз дамыған сайын
түп-тамырымыз бен төл тарихымызға деген қызығушылық арта түсуде. Қорқыттай ұлы
бабамызды ұлықтап, мынадай халықаралық шара өткізуіміз Елбасының сарабдал
саясатының арқасы. Қазіргі таңда Қорқыт атаның мемориалы қайта салынып жатыр.
Бұл - өткенімізге деген құрмет. Түркі жұртына ортақ тұлғаны ұлықтауға келген
барша қонақтарға алғысым шексіз» - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев фестивалдің
ашылу салтанатында.
Расында Қорқыттың ойшылдығын,
даналығын, өнерін түркітілдес елдері өнеге қылады. Бір күн бойы халықаралық ғылыми-теориялық конференция әлемнің әр түкпірінен келген 30-ға жуық ғалым Қорқыт пен түркі мәдениетін
сөз етті.