Тау халықтары, өзбек, татар, тәжік, түрік, азербайжанның биін білеміз, көріп те жүрміз. Ал, Сіз тойға барасыз ғой. Барсаңыз, көрдіңіз бе, біздің қандастарымыздың қалай билейтінін? Осыдан кейін: «Бізде кәсіби би болған ба?» деген күмәнді ой туады. Бар нәрсе қанда тұруы, сана мен жадтың көне қатпарларында шөгіп жатуы керек қой. Өйткені қазақтың әнші, күйші, жыршы, шешен халық екендігімен ешкім таласпайды. Сондағы уәжіңіз, биге байланысты айтқыңыз келгені, тіліңіздің ұшына оралғаны: «Қамажай» мен «Қаражорға» ма? Қаражорға – биді әрлеуші халық күйінің аты екенін білетін шығарсыз? Ал Қамажайды тұлымшағы желбіреген ақжелең қыздар билепті-міс. Жақсы! Әлгі «Қаражорға» атанып жүрген «буын биі» егемендік алған жылдары қытай асып келгенін, алайда тегі тексерілмегенін және білетін боларсыз. Кейін талас тудырды, ақыры Эрмитаждан табылған француз Барбиштің екінші Екатеринаға тапсырған 15 суретінің біріндегі статикалық іс-әрекетті осы буын биіне ұқсатып, «Балдық биі табылды», яғни қазақтар жұптасып билеген деп жорамал жасалды. Бары – осы ғана. Оған дәлел, дәйек... оны ескеріп жатқан жан баласы жоқ. Сол кескіндемедегі биші топтың үстіндегі тәжік шапанға неге ешкімнің көңіл бөлгісі келмейді? Бәрін айт та, бірін айт: осы би бүгінде жаппай медитация құралына айналып отыр. Ия, я, шынымен де медитация құралы! Біздің қазақ осы ғылым сөзін қойып, бағзыдағы бақсылық-рәсімдік іс-қимылға толы «мим» әрекеті мен кәсіби би өнерін шатыстырып алып жүрген жоқ па? Сөз ұстаған халық бәрін сөзбен салыстыра беруге болады деген қолдан жасалған қағиданы қайдан алғанбыз? Жақсы, Сіздің көңіліңіз үшін, далалық дәстүрде бидің жекелеген элементтері болған делік. Бірақ ол біздің таным-талғамымыз бен өмірсалтымызға толық үйлескен бе? Кенже дамыған би сондықтан да табиғатымызға жат, тіршілік-тарихымызға кірікпеген. Біздің бауырларымыз ұлт табиғатына қандай жат дүние болса, соған әуес. Тойда, араққа тойып алмаса, сау кезінде қырғыздың «Қызыл өрік» сияқты желбуаз әуеніне билейтін қазақты әзірге кездестірген жоқпын. «О вкусах не спорять» дейді «сарыбастар». Бұл – нағыз ыңғыршағын айналдырып, ұлт санасына сіңіріп жіберген сұмпайы саясаттың сөзі. Ұлттық таным жоқ жерде оның орнын ұлсыздану деп аталатын қара құрт үңгиді! Әлем халықтары – үнді, қытай, парсы биінде әрбір қимыл, іс-әрекет әлде бір тылсым түйіннің тарқау сәтін ишаралайды. Амал қанша, өнертану тарихы деген ғылыммен қазір еріккен екеудің бірі айналысып кетті. Ауған түйенің жүгі сияқты бағытымызды аудырып алған жоқпыз ба, ағайын?