Жиен нағашысын өлтірді

Жиен нағашысын өлтірдіЖуырда Сырдария аудандық сотында шайтан суға елітіп, нағашысын өлтіріп, қолын қанға бояған жиеннің қылмыстық ісі қаралды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Істің желісіне тоқталсақ, сотталушы М. өзіне тағылған айыпты толығымен мойындады. Оқиға болған күні сотталушы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылына өзінің әке-шешесінің үйіне спирт ішімдігін ішіп барады. Сол кезде әкесі «неге үйге ішіп келесің» деп сөйлегендіктен баласы екеуі сөзге келіп қалып, әкесіне ашуланып үйінен шығып кеткен.
Сотталушы М. барар жері болмағандықтан осы ауыл тұрғыны нағашы атасының үйіне барып, нағашы ағасы екеуі түскі уақыттан кейін, ауылдың сыртында орналасқан бақшаға барып жұмыс істеуге келіседі. Кешке дейін осы бақшада жұмыс жасайды. Сосын ауылға қайтып келе жатып өзінің қалтасындағы ақшасына дүкеннен бір шөлмек «Парламент» арағын сатып алып, нағашы атасының үй жағына келіп, үйдің сыртында сатып алған арағын жалғыз өзі ішеді.
Осыдан кейін сотталушы үй ішіне кіріп, жәбірленушіден өзінің сатып алған балық аулайтын ауды сұрап, ұрыстың басы «Дайрабайдың көк сиыры демекші» осы аталған ау үшін сөзге келіп, нәтижесінде спирт ішімдігіне тойып алған сотталушы М. жәбірленушіні екі қолымен ұстап жерге жығып, басының сол жақ бөлігінен екі мәрте қатты соққы берген кезде жәбірленушіден қан сорғалайды. Сол жерде жәбірленуші туған жиенінің қолынан жан тәсілім етеді.
Басты сот талқылауында сотталушы М. өзінің кінәсін толығымен мойындап, шын жүректен өкінетінін көрсетіп, өзіне бас бостандығынан айырмайтындай жаза тағайындауды сұрайды.
Сот сотталушы М.-ға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын түзеу колониясының «жалпы» режимінде өтеуге үкім етті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2014 г. 973 0