«Қамыстыбас» балық тәлімбағы жекешелендіріле ме? (видео)

«Қамыстыбас» балық тәлімбағы жекешелендіріле ме? (видео)Қызылорда облысындағы «Қамыстыбас» балық тәлімбағы жекешелендірілетін кәсіпорындар тізіміне енді. Бірақ мемлекеттік мекеменің қызметкерлері бұл бастамаға қарсы.
Балықшылардың базынасына аймаққа арнайы барған сенаторлар да назар аударып, талап-тілегін талқыға салды. Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі комитеттің көшпелі отырысы Арал ауданында өткізіліп, қордаланған түйткілдер егжей-тегжейлі сөз болды.

Халық қалаулылары «Қамыстыбасқа» қауырт жетті. Депутаттар тікұшақтан түскен бойда балықшылар мекемені жекешелендіру жөн емес екендігін жарыса айтты. Сала ардагерлері де балық питомнигінің тағдырына алаңдаулы.
 
Шараф Байбосын, «Қамыстыбас» балық питомнигінің жұмысшысы:
- Талай жекешелендіру аудандағы «Арал рыбпром» зауыты ірі мекемелер жекешеленгелі ізі жоқ болып кетті. Оны көзіміз көрді. Питомник жекешеленіп кете қалса, мамандар тарап кетеді, халықтың да тұрмыс жағдайы төмендейді.
 
 
«Қамыстыбас» балық питомнигінің соңғы жылдары қуаттылығы 5 есе артып, жылына дайындалатын шабақ саны 15 миллионға жеткен. Бұл ауқым тек Қызылорда облысының ғана емес, өзге өңірлердің де су айдындарын балықтандыруға жеткілікті. Аймақтың экожүйесін жандандыру тұрғысынан да маңызы зор.
 
Абзал Мұхимов, Арал ауданының әкімі:
- Мойындау керек, питомник – қазіргі таңда осы біздің аралдағы балық генефондына үлкен үлес қосып отырған питомник. Сондықтан дәл қазіргі таңда «Қамыстыбас» балық питомнигінің жекешелендірілуі – асығыс қабылданып отырған шешім.
 
Мұрат Мұхамедов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Егер біз осы дәл қазір бәсекелестік ортаға жіберетін болсақ, оны кім алады? Екіншіден, 40-50 жыл бойы осы балықты өсіріп келе жатқан азаматтардың қал-жағдайы қалай болады? Үшіншіден, осыны жақсы игерген азамат келе ме, жоқ, басқа даладан-қаладан келгендер ала ма? Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан да оны 5 жыл өтпелі кезеңде сенімді басқару арқылы жасауға болады.
 
Сенаторлар келелі мәселеге қатысты Үкіметке сауал жолдайтын болды.

 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2014 г. 1 009 0