Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жасқа толу мерейтойына орай өткізілетін шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов айтты.
– Сыр топырағында қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне, руханиятына үлкен үлес қосқан қаламгерлер мен қайраткерлер көптеп саналады. Солардың қатарында әлемдік ақыл-ойдың қазынасына өлшеусіз үлес қосқан қабырғалы қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың мерейлі міндеті. Осы орайда облыс әкімінің бастамасымен жазушы шығармашылығын насихаттауға арналған шаралардың тұжырымдамасы әзірленді, – деді басқарма басшысы.
Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес қазан айынан бастап Ә.Нұрпейісов шығармашылығына арналған тақырыптық оқулар, кітап оқырмандарының конференциясы, жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы өтеді. Студенттерге арналған әдістемелік құрал оқу орындарына таратылады. Бұл шаралар қаламгер шығармашылығының әлемдік әдебиетке қосқан үлесін бағамдауға, насихаттауға бағытталған.
Білім беру мекемелерінде жазушы шығармашылығы жайында ашық сабақтар, шығармалар байқауы ұйымдастырылады. Оқырман сағаттары мен мұражайлардағы тақырыптық көрмелер туған жерінің табиғаты мен жерлестерінің тыныс-тіршілігін өз туындыларына арқау еткен қаламгерге арналмақ.
Сонымен бірге мерейтойлық бағдарлама аясында «Әбе» фотоальбомы дайындалуда. Онда жазушы өмірі мен шығармашылығының әртүрлі кезеңдерінен фотосуреттер топтастырылмақ. Алдағы уақытта фотоальбомның тұсаукесері салтанатты түрде өткізілетін болады.