Ресейдің Анапа қаласында жастар,
кадеттер, ересектер арасында кикбоксингтен Әлем кубогы аяқталды. Кикбоксингтің фулл-контакт, лоу-кик, к-1, лайт-контакт
бөлімдері бойынша өткен жарысқа 28 мемлекет қатысты.
Аталмыш жарысқа Қызылорда
облысынан 3 спортшы қатысып, үшеуі де жеңіспен оралды. Атап, айтсақ, 75 келі
салмақ дәрежесінде лоу-кик бөлімінде сынға түскен Алтынбек Жүнісов (облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі) алтыннан
алқа тағынды. Ол 3 кездесу өткізіп, финалда Қырғызстан спортшысын 3:0 есебімен
жеңді. Сондай-ақ, кубоктан кейін гала-финал
ұйымдастырылып оған Қазақстаннан 5 спортшы қатысты. Оның ішінде Алтынбек лоу-кик
бөлімінде жеңімпаз атанып, алтын төсбелгі және сертификатпен марапатталды.
Әлем кубогының К-1 бөлімінде 54
келі салмақта Нұрсұлтан Сапаров (облыстық
кикбоксинг федерациясы) күміс жүлдеге ие болды. Ал 86 келі салмақта
Ахмедияр Аманжолов (облыстық жоғары спорт
шеберлігі мектебі) лоу-кик бөлімінде
бақ сынап, шеберлігін шыңдап келді.
Алтынбек енді келесі жылы
Бельгияда болатын Әлем чемпионатына дайындалады. Спортшыларды жарысқа Берік
Ахметов дайындады.