Облыс әкімі қарттарды құттықтады

Облыс әкімі қарттарды құттықтадыБүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қарттар күніне орай ардагерлерді қабылдады. Бейнетінің зейнетін көріп отырған жандарға аймақ басшысы облыстың қазіргі тыныс-тіршілігін баяндады. Түрлі салада жетекшілік жасап, партия ісіне белсене араласқан, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қариялар атқарылып жатқан іске көңілдері толатындықтарын жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ардагерлер аймақта болып жатқан жаңалықтан хабардар екендіктерін айтты. - Егде адамдарды ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мәселен, өткен жылы ардагерлердің алғашқы республикалық семинары осы Қызылордада өтті. Ел ардақтылары Сыр өңірінде басқосты. Біз өте қуаныштымыз, - деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Ермағамбетова.

«Жасымыз келді» деп жантайып жатпай, қоғам өміріне белсене араласып жүрген ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналар жетерлік. Олар ұрпақ тәрбиесі үшін өмірлік тәжірибелерімен бөлісу мақсатында жастармен жиі кездеседі. Ежелден қарияны құрметтеген халықпыз. Үлкенге ізеттілік танытып, алдын кесіп өтуді ар санаймыз. Басқосуда елдің дамуынан табалдырықтағы тәрбиеге дейін сөз болды. Жалпы, еркін форматта өткен кездесуде қариялар өз ойларын, ұсыныс пікірлерін білдірді.

Шара соңында облыс әкімі ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2014 г. 648 0