Қызылорданың журналистері жүлдемен оралды

Қызылорданың журналистері жүлдемен оралдыШымкентте Алаш ардақтылары, белгiлi қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы мен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдығына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті. Ала доп бәсекесінде қызылордалық қаламгерлері үздік үштіктен көрінді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Турнирге еліміздің оңтүстік өңірлерінен 9 команда қатысты. Алматы, Тараз, Қызылорданың құрамаларынан бөлек жергілікті «Қазақстан-Шымкент», «Оңтүстік Қазақстан», «Ішкі саясат басқармасы», «ОҚО Журналистер Одағы», «Жонубий Қозоғистон» және «Созақ» командалары өзара бақ сынады.

Қызылордалықтар «Б» тобында өнер көрсетті. Сыр қаламгерлері алғашқы кездесуін «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ұжымына қарсы өткізді. Жерлестеріміз ойын тізгінін алғашқы минуттарынан өз қолдарында ұстады. Бірінші болып есеті де ашты. Бұл матч 4:1 есебімен қызылордалықтардың пайдасына шешілді. Кездесуде Қызылорда командасының капитаны Әділбек Жақанов хет-трик жасады. Бір голды Руслан Айтмамбетов соқты. Осы жеңістен кейін алаңға бой үйреткен Сыр журналистері екінші кездесуде мерейтой иелері «Оңтүстік Қазақстан» газетін 7:0 есебімен ойсырата жеңді. Топтағы соңғы ойында «ОҚО Журналистер Одағы» командасынан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша қызылордалықтар 9 ұпаймен «Б» тобының көшін бастады. Ал қос қарсыласына ұпай бермеген «ОҚО Журналистер Одағы» командасы жартылай финалға берілетін екінші жолдаманы иеленді.

«А» тобындағы ойындар да тартысқа толы болды. Бұл торта тараздықтар топ жарса, екінші орынды алматылықтар иеленді.

Жартылай финалда Қызылорда мен Алматы командалары кездесті. Алғаш болып есепті жерлестеріміз ашты. Артынша Алатаудан келген қаламгерлер есепті теңестірген-ді. Дегенмен, допты ортадан ойынға қосқан қызылордалықтар жылдам гол соғып, есепте қайта алға шықты. Бірақ ойын соңына дейін жерлестеріміз бұл басымдылықты сақтай алмады. Алматылықтар таразы басын теңестірді. Екі команда арасындағы мықты ойын соңынан кейінгі пенальтиден анықталды. Футбол лотореясында алматылықтардың жолы болды. Екінші жартылай финалда «Тараз» бен «ОҚО Журналистер Одағы» командалары арасында есеп ашылмады. Пенальтиден тараздықтар үздік атанды. Үшінші орын үшін таласта қызылордалықтар «ОҚО Журналистер одағы» командасын 1:0 есебімен жеңсе, финалда дәл осындай есеппен «Тараз» алматылықтарды ұтты. Айта кетейік, Қызылорда командасының сапынан Әділбек Жақанов турнирдің «үздік шабуылшысы» атанды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2014 г. 906 0