Астана қаласында Темірбек Жүргеновке арналған конференция өтті

Астана қаласында Темірбек Жүргеновке арналған конференция өттіМемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 26-қыркүйекте Астана қаласында "Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Т.Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 
Конференцияның негізгі мақсаты - мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің өмірі мен рухани мұрасын кең көлемде дәріптеу, Орта Азия мен Қазақстанның ғылымы мен білімін, мәдениеті мен өнерін қалыптастырып, дамытудағы еңбегіне арналған ғылыми зерттеулер нәтижелерін баяндау, жаңа мұрағаттық құжаттарды саралап, ғылыми айналымға ендіру.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдарының өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, жас ізденушілері қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев қатысып, сөз сөйледі. 
Ресей ғылым академиясы Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тамара Красовицкая, Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының А.Дониш атындағы Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Абдулло Гафуров және қазақстандық ғалымдар баяндамалар жасады. 
Конференцияның секциялық отырыстарында 90-нан астам баяндама тыңдалды. Ғалымдар белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдар қайраткердің өмірі мен қызметіне байланысты баяндамалар жасап, сол заманның тарихи оқиғалары бойынша өз зерттеулерінің нәтижелерімен көпшілік қауымды таныстырды. Сонымен қатар, Т.Жүргеновтің Қазақстан және Орта Азия тарихындағы ерекше рөлін, оның Шығыс халқын рухани азат ету, кеңес заманында қазақ мәдениетін нығайту мен қазақ халқын біріктіру жолында жасаған ерен еңбегін баса көрсетті. 
Конференция қатысушылары Темірбек Жүргеновтің Орта Азия мен Қазақстанның ғылымы мен білімін, мәдениеті мен өнерін қалыптастырып, дамытудағы еңбегіне ерекше тоқталды. Баяндамаларда ХХ ғасырда орын алған мәдени жаңғыру үдерісін тәуелсіз көзқарас тұрғысынан пайымдау мәселелері және "Мәңгілік ел" ұлттық идеясын жүзеге асырудың басымдық факторлары мазмұндалды.
Конференция қарсаңында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен конференцияның ғылыми еңбектер жинағы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының құрастыруымен "Темірбек Жүргенов - мұрағат құжаттарында" атты құжаттар жинағы жарық көрді.
Конференцияға қатысушылар 25-қыркүйек күні "АЛЖИР" мемориалды мұражайында болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. 
Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің "Астана" атриумында "Білім тарихы музейінің" салтанатты ашылуы болды. 
Конференцияға қатысушылар Т.Жүргеновтің тұлғасына және оның тарихи маңызды қызметіне қатысты мәселелерді талқылау негізінде конференция қарарын қабылдады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2014 г. 1 074 0