Қызылордалық гір тасын көтеруші Лас-Вегастан жүлделі оралды

Қызылордалық гір тасын көтеруші Лас-Вегастан жүлделі оралдыСырдариялық Нұрсұлтан Көлдеев кір тасын көтеруден Әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен. 
Американың Лас-Вегас қаласында кір тасын көтеруден ересектер арасында Әлем кубогы өтті. Аталмыш жарысқа 23 мемлекеттен 150-дей спортшы 7 салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Әлем кубогында сырдариялық Нұрсұлтан Көлдеев 63 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленді. Ол 32 келі кір тасын жұлқа және серпе көтеру жаттығуы бойынша 125 рет бағындырды. Ал командалық эстафетада жеңімпаз атанды.

Нұрсұлтан кір тасын көтеруден ҚР спорт шебері, төрт жылдан бері осы спортпен айналысып келеді. 8 дүркін Қазақстан чемпионы, ересектер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері. Оның спорттағы толағай табыстарында жаттықтырушысы Жасұлан Өмірбаевтың да үлесі зор.

Енді Нұрсұлтан үстіміздегі жылдың қараша айында Германияның Гамбург қаласындағы Әлем чемпионатына және желтоқсанда Павлодарда болатын ҚР кубогына қатысады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2014 г. 960 0