Жақында Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте «Қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және оған жол бермеу» мақсатында мектеп оқушыларына түсiндiрме жұмыстары жүргiзiлiп, ата-аналардың қатысуымен жиналыс өттi.
Жиынға аудан әкiмiнiң орынбасары Қ.Мұстафаева, аудан прокуроры Х.Жұмағұлова, аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң басшысы Ќ.Утегенов, аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Б.Бердаулетов қатысып, қазiргi таңда жасөспiрiмдер арасында топтық төбелестiң жиi орын алуына байланысты оқушыларға түсiндiрме жұмыстарын жүргiзiп, лекциялар оқып, ата-аналардың ұсыныс пiкiрлерiмен бөлiстi.
- Мектеп оқушылары түнгi мезгiлде көшеде жүрмеуiн қатаң бақылауға алуымыз керек. Оған ең алдымен ата-аналары назар аударып, балаларының немен айналысып жүргенiн қадағалап, мектеп әкiмшiлiгiмен тығыз байланыс жасап отырса қылмыстың алдын алуда оңайға түсерi анық. Мектеп қабырғасында жүрiп бұзақылық жасаған оқушы есепке алынады. Мектеп бiтiрiп, жоғарғы оқуға түсер алдында мектеп қабырғасында жүрiп жасаған қылмыстары алдынан шығып, оқуға түсе алмай қалатындары да бар. Сондықтан балалардың болашағы тәртiппен жетiлерi анық, - дедi аудан әкiмiнiң орынбасары Қ.Мұстафаева.
Жиын барысында жасөспiрiмдер арасында қылмысты болдырмау жөнiнде, өзге ағымның арбауына алданып қалмауы жөнiнде де оқушыларға кеңiнен түсiндiрiлдi.