«Байқоңыр» Бірінші лига жолдамасын жеңіп алды

«Байқоңыр» Бірінші лига жолдамасын жеңіп алдыФутболдан Қазақстан Республикасы Екінші лигасының финалдық кезеңі аяқталып, Қызылорданың «Байқоңыр» командасы Бірінші лига жолдамасын жеңіп алды. Бір апта апта бойы Сыр жерінде өткен дүбірлі додада Құттыбай Досманбетов баптаған «Байқоңыр» қарсылас шақ келтірмей, турнир жеңімпазы атанды, деп хабарлайды "Қайсар" футбол клубының баспасөз қызметі.

Ақтық ойында екі топтың үздіктері «Байқоңыр» мен «Шымкент» командалары кездесті. Ойын өте тартысты өтіп, қонақтар бірден-ақ жеңіске деген жігерліктерін байқатты. Нәтижесінде негізгі уақыт тең аяқталып, жеңімпаз тек овертаймның қорытындысы бойынша ғана анықталды.

Алдымен есепті «Шымкент» футболшылары ашты. Қорғанысымыздың осал тұсын тап басып тапқан оңтүстік қазақстандық Саян Тасыбаев қонақтарды алға шығарды. Бұл кездесудің 52-минуты болатын. Алайда жерлестеріміз естерін тез-ақ жиып, қорғаушы Дәурен Ешбаевтың шабуылға дер кезінде қосылуының арқасында есепті теңестірді. Ал овертаймда жанкүйерлердің қолдауынан қуат алған «Байқоңыр» тайлы-тұяғымен шабуылға көшіп, қонақтар қақпасына тағы екі гол соқты. Біріншісінде қорғаушының допты қолмен тоқтатқаны үшін пенальти белгіленіп, нүктеге жақындаған Асқат Қарабек алаң иелерін алға шығарса, екіншісінде қақпашымен жеке-дара шыққан Азамат Исмаилов таблодағы есепті еселеді. Әйтседе, қонақтардың да жігері өте мықты болып шықты. Бірден шабуылға көшкен «Шымкент» футболшылары арада үш минут өткен соң-ақ «Байқоңыр» қақпасына тамаша гол соқты. Бірақ бұдан артыққа шамалары жетпеді.

Осылайша дүбірлі додада қарсылас шақ келтірмеген қызылордалықтар турнир жеңімпазы ғана атанып қоймай, Бірінші лиганың 2015 жылғы маусымына берілетін жалғыз жолдаманы жеңіп алды.

Асқат Қарабек, «Байқоңыр» командасының капитаны:
- Жанкүйерлердің қолдауларынан қуат алып, үміттерін ақтауға тырыстық. Әлбетте, ойын біз үшін оңай болмады. «Шымкент» командасы өздерінің лайықты қарсылас екендіктерін дәлелдеп, соңына дейін арпалысты. Алайда, жеңіске біздің команда лайығырақ болды. Енді бізді келесі маусымда Бірінші лига додасы күтіп тұр. Бірінші лигада көш басында жүрмесек те үздік ондықтың қатарында болуға тырысамыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» футболшылар үшін «Қайсар» футбол клубына бастайтын трамплин болады деген үміттеміз.

Бірінші топ:



Екінші топ:


Финалдық ойындар:

Финал:
«Байқоңыр» (Қызылорда) - «Шымкент» (Шымкент) 1:1, қосымша уақыт - 2:1.
Голдар: Дәурен Ешбаев, 56. Асқат Қарабек, 98-пен. Азамат Исмаилов, 112 - Саян Тасыбаев, 52. Данабек Қуанышбай, 115.

3-4 орын:
«Рузаевка» (СҚО) - «Каспи банк» (Алматы) 1:4
Голдар: Кирилл Гаркуша, 27 - Анатолий Бердюгин, 15. Марат Мұхаметқожин, 32. Ахмет Ахметжанов, 81. Анатолий Бердюгин, 87.

5-6 орын:

«Вест-Кроун» (Ақтөбе) - «Жетiсай» (Жетісай) 1:1 (5:4-пен)
Голдар: Нұрбек Қарағұлов, 57 - Акмальжан Юлдашев, 27.

7-8 орын:
«Қызылжар» (Петропавл) - «Водник» (Алматы) 6:1
Голдар: Нұрғали Жұмажанов, 12. Сәбит Хасенов, 25. Берiк Iлиясов, 30. Сәбит Хасенов, 34. Берiк Iлиясов, 54. Рахат Тойшыбеков, 72 - Александр Соколенко, 70.

9-10 орын:
«Трактор» (Павлодар) - «Шалқар» (Шымкент) 1:0
Гол: Дмитрий Перевертов, 69.

11-12 орын:
«Пронет» (Ақтөбе) - «Каспий» (Ақтау) 1:0
Гол: Азамат Тәжиев, 72.

Турнирдiң үздiктерi:
Үздiк қақпашы - Ахмет Әлайдаров («Байқоңыр» Қызылорда)
Үздiк қорғаушы - Руслан Гумар («Трактор» Павлодар)
Үздiк жартылай қорғаушы - Тимур Жалмұхамбетов («Рузаевка» СҚО)
Үздiк шабуылшы - Саян Тасыбаев («Шымкент» Шымкент)
Үздiк сұрмерген (10 гол) - Анатолий Бердюгин («Каспи банк» Алматы)
Үздiк ойыншы - Асқат Қарабек («Байқоңыр» Қызылорда)
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2014 г. 724 0