«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
халықаралық көлік дәлізінің бойында демалыс орындары салынады. Жолаушылардың
барлық сұранысын қанағаттандыру күн тәртібінде. Бүгін сәулет-қала құрылысы
кеңесінде халықаралық жолдың бойынан салынатын ғимараттардың эскиздік жобасы
талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Қазтуризм» ЖШС Жаңақорған
ауданы тұсынан жолаушыларға қызмет көрсету кешенін салуды жоспарлап отыр.
Кешенде 100 орынға арналған қонақ үй, туристік бөлім, сауна, бильярд, 100
орындық мейрамхана және дүкен, дәріхана, сауда орны, жүк және жеңіл көліктерге арналған автотұрақ, автокөлікке
қызмет көрсету шеберханасы, демалу аймағы, қоймалар болады. Айта кетейік, жүк
көліктеріне арналған автотұрақ күн сәулесімен энергия шығаратын қондырғылармен
жабдықталады. Жоба толығымен іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен
қамтамасыз етіледі. Құрылысты 2016 жылда толықтай аяқтау көзделіп отыр. Жоба
құны 720,0 млн. теңге.
Дәл осындай кешен Арал және
Шиелі аудандарында салынады. Онда газ құю бекеті, 50 орындық дәмхана, сауда
орны, техникалық қызмет көрсету орталықтары болады. Әрқайсысында 10-15 адам
тұрақты жұмыс істейді. – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанның құрылысы
аяқталуға аз уақыт қалды. Енді көліктердің легі арта түседі. Олар біздің
өңірдің сервистік қызметін пайдалану үшін барлығы талапқа сай келу керек.
Сондықтан құрылыстың сапалы жүргізілуін қадағалаңыздар, - деді облыс әкімі
Қ.Көшербаев.