Бір мүдде, бір болашақ, бір қызмет біріктірген ОТБАСЫ

Бір мүдде, бір болашақ, бір қызмет біріктірген ОТБАСЫОтбасы – адам баласының алтын діңгегі. Жеті атаға дейінгі туысқанын «жақыным» деп құрметтеп, алыс туысын да «қаным» деп бауырына тартқан қазақ үшін отбасы – ұлы құндылықтардың бірі саналған. Қазақ отбасын алғашқы орынға қойып, көбейіп, өніп, өсіп-жетілуді өмірлік ұстаным деп есептеген. Бүгінгі таңда отбасы құндылықтарын жаңғырту, ыстық ұяның қадір-қасиетін жете бағалау – басты мәселенің біріне айналып отыр. Осы орайда, Қазақ елі 2013 жылдан бері «Отбасы  күні» мерекесін қыркүйек айының екінші жексенбісі күні  мерекелер күнтізбесіне енгізіп, дәстүрлі түрде тойлай бастады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Мемлекет – отбасыдан басталатынын, қоғамдағы жанұялық құндылықтарды нығайтудың маңызы зор екендігін ескере отырып, «Отбасы – отанымыздың ошағы. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп  көрсеткен болатын. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым –  отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да, елін қорғар азаматтың да, ғарышкер мен ақ халатты абзал жанның  да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланатыны айқын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деп батыр бабамыз Б.Момышұлы айтпақшы, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да,  тіпті өмірлік бағыты мен мамандығы да отбасында қалыптасады. Алып бәйтеректей әке мен отбасының ұйытқысына айналған анаға қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата дәстүрін жалғап, дәстүрлі ісін жаңғыртып келе  жатқан ізбасарларын көптеп кездіреміз. Ал оған мысалды алыстан іздемей-ақ, Ішкі істер органдарында отбасымен қызмет етіп жүрген, полицейлікті – отбасылық мамандыққа айналдырған жанұяларды айта аламыз. Яғни, мұндай отбасылар Отанды сүю, туған елге адал қызмет етуді тек әскери міндеті,  азаматтық парызы деп есептемей,  өмірлік қағидалары, отбасылық жауапкершілігі деп санап, осындай қасиетті салаға бүкіл ғұмырын арнағандарына куә боласыз. Ақиқатына келгенде, әр мамандық қадірлі, дегенмен, мемлекет қауіпсіздігі саласының, яғни полицейлер қызметінің өзіндік ерекшеліктері мен күрделіліктері, анығырақ айтқанда, жауапкершілігі мен қиындығы ерекше зор екендігі ешқандай талас тудырмасы қажет. Осындай отбасылардың қатарына бір әулеттің өрелі ісін жалғап, Ішкі істер органдарында бүгін де үшінші буыны абыройлы қызмет атқарып келе жатқан – Мұхтаровтар әулетін айта аламыз. Отбасындағы аяулы әке – Абдулла Мұхтаров, өзі құқық қорғау саласын сүйе,  бағалай білген және  балаларына да кішкентайынан өз жолын  таңдауға  үйреткен. Ол 1967 жылы  ішкі істер саласындағы қызметін лейтенант шенімен бастап, еңбегінің арқасында облыстық дәрежедегі басшылық қызметтерге дейін көтеріледі. Өмірінің 28 жылын құқық қорғау қызметіне арнап, 1989 жылы подполковник шенімен құрметті демалысқа шығады. Ал оның төрт бірдей ұлы тәртіп сақшысының қызметін өмірлік жолы ретінде таңдап, қазіргі таңда құқық қорғау органдарында нәтижелі еңбек етуде. Полицейлер династиясының үшінші буыны – немерелері де ата дәстүрін жалғап, әке жолын қуып, осы салада адал қызмет етіп келеді. Айта кету керек, Мұхтаровтар әулеті «15 мамыр – Халықаралық отбасы күні» мерекесіне орай, қалалық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы бойынша ІІІ дәрежелі диплом иегерлері атанды.
Ата-ана аманатына адалдық танытып, ата жолын жалғап келе жатқан тәртіп сақшыларының бірі – Әлиевтер отбасы. Осы отбасының дені тәртіп сақшысы қызметін кеңес милициясынан бастап, Қазақстан полициясында жалғастырып келеді. Қызылорда қалалық ІІБ-нің аға анықтаушысы, полиция майоры Марина Әлиева әкенің ізін басып, ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқанына 11 жыл болған. Өзінің қызметтік идеалы санаған әкесі – Ескендір Әлиев те отставкадағы офицер, осы салада ерінбей еңбек еткеніне отыз жылдан астам уақыт болыпты. Ал, Маринаның көкесі (әкесінің інісі) Зұлқарнай Әлиев те кезінде ішкі істер органдары жүйесінде адал қызмет етіп, Жалағаш аудандық ІІБ бастығы орынбасарының қызметін атқарған. Маринаның нағашылары да тәртіп сақшысы қатарында қызмет етеді. Олар үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, офицерлік нысанды киім Әлиевтер үшін ең әдемі әрі сәнді киім.
Мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет етіп келе жатқан тағы бір полицейлер жанұясы – Анафиндер әулеті. Тек сырлас, мүдделес отбасы ғана емес, сондай-ақ  қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қойып келе жатқан погонды отбасылардың бірі және бірегейі. Әулеттің үлкені – Анафин Кеңесбек, Ішкі істер органдарында бірнеше жыл бойы қызмет атқарып, 1988 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Балаларына адамдық қасиетті ғана емес, патриоттық тәрбиені де қатар беріп, Отанға қалтқысыз, адал қызмет етуді қандарына сіңіре білді. Мәселен, ұлдары – Анафин Нұрланбек пен Анафин Мейрамбек Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Жол полиция басқармасында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықса, ал Анафин Кенжебек осы салада, яғни Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының взвод командирі болып абыройлы қызмет етуде. Қыздары – Анафина Рая мен Анафина Света да ерлермен тізе қосып, әскери қызметтің қатаңдығы  мен қиындығына қарамай, қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп келеді. Бірі – Қызылорда облысы  Ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының бастығы қызметін ұзақ жылдар бойы атқарып, 2010 жылы құрметті зейнет демалысына шықса, бірі – осы салада әлі де еңбек етуде, яғни Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің мемлекеттік күзет қызмет бөлімінің инспекторы. Погонды отбасының үшінші буыны, яғни немерелері де құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді өмірлік таңдауы еткен. Анафин Мейрамбектің ұлы – Анафин Ғабит Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы ЖППБ-ның полицейі болып қызмет атқарады.
Қызылорда облысы ІІД-де қызмет атқарып келе жатқан, «әскер» сөзі «Отан» сөзімен қатар айтылатын, Қарулы Күштер сапында қызмет етуді Отан алдындағы парызым деп білетін отбасылардың қатарында Бекетовтер, Қоразбаевтар, Әділовтер,  Искаковтар мен Әбжаловтар әулеті де бар.  Мұндай отбасыларда әскери қызметтің қиындығы мен жауаптылығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етуді өмірлік мақсаты етер кіші буын өкілдері тәрбиеленіп жатыр. Ал алдынғы толқыны тек әскери қызмет атқаруға деген құлшынысын қолдауға, бағыт-бағдар, түсінік беруге дайын екендігін көрсетіп келеді. Ең бастысы, барлығының ұстанатын ортақ қағидасы – әскери қызметке адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару. 
Түйіндей келе, отбасы – ғарышкердің де, полицейдің де, дәрігер мен ұшқыштың да қанатын қатайтып, өмірлік бағыт беретін үлкен әрі ұлы мекеме. Бұл мекемеден қазақтың ерік-жігері, күш-қайраты мықты батырлары мен халықтың тыныштығын күзете отырып, әке жолын жалғастырар адал әрі ержүрек ұлдары тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Қазақ «атаға қарап, ұл өсер», - дейді. Себебі, бала – ата-ананың үлгі-өнегесін көріп қана өседі. Ал, Отанына адал әрі абыройлы қызмет етіп, Отан үшін от пен суға түсуге әзір жаннан қорқақ ұрпақ өніп шықпайтыны айқын. Сондықтан, тұрақтылық пен халқымыздың тыныштығын күзетіп, елге қорған болып жүрген апа-ағаларымыздың отбасында да Қазақ елінің болашақ қорғаушылары, батырлары тәрбиеленіп жатқанына сенім білдіреміз. Ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күзете жүріп, ізін жалғар, ісін жалғастырар  кадр даярлап жатыр деп есептейміз.
 
Махмудин Шохатаев, 
Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2014 г. 1 246 0