"Қайрат" тағы да қапы қалдырды

"Қайрат" тағы да қапы қалдырды«Бірінші таймда «Қайсарда» гол соғатын керемет мүмкіндік болды. Егер Антон Землянухин сол кезде мүмкіндігін мүлт жібермегенде ойын басқаша бағытта өрбитін бе еді...» - деп мойындады матч соңында «Қайрат» командасының бас бапкері Владимир Вайсс.

«Қайсар» — «Қайрат» 0:2 (0:0)
Голдар: Гоу 63 (0:1), Гоу 82 (0:2).

 
Иә, шынымен де Антон Землянухин сол сәтті басқаша пайдалануы керек пе еді. Рас, қорғаушыларды тамаша алдап өтті. Тіпті, жасыл алаңдағы тірі аңыз Самат Смақовтың өзін жаңылыстырды. Бірақ тумасынан солақай Антон оң аяқпен допты қақпаға қалауынша бағыттай алмай, «теңбіл снарядты» «Қайрат» қақпашысы Дмитрий Хомичтің қолына ұстата салды. Егер тағы бір қадам алға басып, асықпай тепкенде допты жеңісті қазір «Қайсар» тойлап жатар ма еді... Бірақ, ойын біткен соң айта бересің ғой. Әйтпесе, мойындауымыз керек, қонақтардың шеберлігі қаншалықты жоғары екендігі байқалып тұрды. Екі клубтың қаржылық жағдайы да салыстыруға келмейді. Әрқайсысы өз ұлттық құрамасының негізін қалап тұрған ойыншы, жоқ дегенде үміткер. Дегенмен, жерлестеріміздің ерекше жігерлігін айта кеткеніміз жөн. Әр доп үшін жанталаса таласқан Дмитрий Огай шәкірттері жеңіс үшін барын салды. Құлады, жарақаттанды, қайта тұрды, өкінішке қарай, «Қайрат» легионері Жерар Гоудың екі шабуылы ойын тағдырын біржола шешіп кетті. Біріншісінде сол қапталдан асырылған пасты ашық тұрған қақпаға енгізсе, екіншісінде қорғаушылардан сытылып өтіп, допты Кирилл Прядкиннен асыра салды. Ал ойын соңында Римо Хунт қонақтар қақпасына гол соққанымен төреші соққыға дейін ысқырып, эстониялық шабуылшымыздың бұл добын санамай тастады.

Қорытынды есеп – 0:2, «Қайсар» енді келесі турда 20 қыркүйек күні түзде «Ақтөбеге» қарсы ойнайды.
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2014 г. 755 0