Қызылордада идеологиялық актив жиыны өтті

Бүгін Қызылорда облысында «Қазақстан – 2050» Стратегиясының міндеттерін жүзеге асыру барысын түсіндіру мәселелеріне арналған идеологиялық актив жиыны өтті. Басқосуға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитеті төрайымының орынбасары Еркін Үйсінбаев қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

"Сыр өңірі, еліміздің басқа өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай іздері сақталған аймақ. Қазіргі уақытта өзектілігі айрықша мәнге ие болып отырған идеологиялық мәселелерге қатысты ауқымды жиынның осындай тарихы мен мұрасы бай өңірде өткізілуінде үлкен мән бар деді" - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Жиында өңір басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Жезқазған-Бейнеу» темір жол тармағының пайдалануға берілгені жайлы сөз етті. Бұл жолдың экономикалық әсерін былай қойғанда, оның зор мемлекеттік саяси, стратегиялық мәні бар. Себебі ол маңызы мен мағынасы жағынан кезінде 1938 жылдан бастап 1984 жылға дейін бүкіл Кеңес Одағы болып бірігіп салған Байкал-Амур магистралі (БАМ) тәрізді Ұлы Жоба болмақ.
«Бұл елімізді төтесінен қосатын ең маңызды торап. Сондықтан, біз, қызылордалықтар, осы тораптың бойында орналасқанымызға қуаныштымыз және осындай игі бастаманы ұсынған Елбасымызға үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин діни ахуалға тоқталды. Баяндамашы имамдардың білімдерін жетілдіру бағытында түрлі семинарлар өткізіліп жатқанын жеткізді. «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов 2050 жылға дейін межеленген Стратегияны жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдарда өзіндік үлес қоса алатындығын айтты.
Жиынға қатысушылар Елбасы мақсаты айқын, мұраты мағыналы Ұлттық идея төңірегіне бірігуді жүктегенін айтып, кемел келешек пен баянды болашақ жолындағы Стратегияда белгіленген бағыттарды негізгі ұстаным ете отырып, оны жүзеге асыру барысында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2014 г. 742 0