Қазалыда жыршы-термешілер байқауы өтті

Қазалыда жыршы-термешілер байқауы өттіЖырдың мекені - Қазалы өңірінің өнер әлеміне келіп, жырсүйер жұртшылықты тәнті еткен шайыр Қарасақал Ерімбеттің 170 жылдығы құрметіне Әйтеке би кенттік клубының ұйымдастыруымен «Жыр дүлдүлі - Ерімбет» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы өткізілді. 
 Ауданымыздағы жаңа буын жыршы-термешілерді халыққа дәріптеп, жыраулық дәстүрді ұрпаққа кеңінен насихаттау  мақсатында өткен шараны Әйтеке би кенттік клубының директоры Кенжалы Асқар жүргізді. 
Жыр додасына қатысқан талапкерлер Қарасақал Ерімбеттің жыр-дастандарынан үзінді және терме-толғауларының мақам-сазын бұзбай өз нақышында орындады. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқысының құрамында Байназар Өтепов атындағы жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі Жасталап Оңдабаев,  халықаралық жыршы-термешілер байқауының жүлдегері Ақерке Өтепбергенова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бекзат Қазиқызы болды.  
Қорытындысында жүлделі І орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті, Бекарыстан би аулынан қатысқан Қуаныш Алғазиев жеңіп алса, ІІ орынды Аудандық мәдениет Орталығының қызметкері, Әйтеке би кентінен қатысқан Жәнібек Құтмаханов иеленді, ІІІ орынды Қазалы қаласынан қатысқан Едіге Айдаров және Жалаңтөс батыр аулынан қатысқан МейірімжанМмахамбетжанов қанжығалады. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, бір топ жыршы-термешілер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
 Жиналған қауым халыққа рухани қызмет көрсеткен аудандық мәдениет саласы ұжымына алғыстарын білдіріп, жоғары көңіл-күймен тарасты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қыркүйек 2014 г. 1 348 0