Қызылорда облысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерімен кезекті 3 кепілдендіру келісім-шарттарына қол қойылды. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының құзыретті арттыру бағдарламалары бойынша менеджері Анар Қожаниязова хабарлады.
Жеке кәсіпкер «Азнабаев Әмір», «Bekey city проект строй» ЖШС және «Ақмарал жеке балабақшасы» ЖШС мемлекеттік қолдау аясында «Даму» қорының кепілдігін ала отырып, екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдейтін болды. Олардың несиелерінің пайыздық үстемесі 7%-ға дейін төмендетілмек.
«Зейнет жасына шыққан Қызылорда қаласының тағы бір азаматы өз кәсібін ашып отыр. Мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асатын «Даму Start-Up» жобасының артықшылығын естіген зейнеткер «Bekey city проект строй» ЖШС-ін құрып, техникалық жөндеу орталығын ашуды жоспарлауда. Бастаушы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бұл бағдарлама шеңберінде «Даму» қоры кәсіпкерге 70 пайыздық кепілдеме бере отырып, банктен несие алуына мүмкіндік берді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Жаңақорған ауданының кәсіпкері Әмір Азнабаев «БЖК-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорының «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырып отырған «Халык Бизнес Старт» жобасы бойынша банктен несие рәсімдеп, 2004 жылы негізі қаланған бизнесін кеңейтуде. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тағы бір аудан кәсіпкеріне 50% кепілдеме беруге оң шешім шығарды. Қазалы ауданының «Ақмарал жеке балабақшасы» ЖШС «БЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде Әйтеке би кентінің бүлдіршіндері үшін тағы бір жекеменшік балабақша есігін ашуды көздеп отыр.