Таяуда ғана пайдалануға берілген Жезқазған-Бейнеу теміржолының Сыр өңірі үшін де маңызы ерекше.
Алып жобаның алғашқы кезеңі қысқа мерзімде аяқталып, төте жол тауар тасымалының әлеуетін көтергені мәлім. Арал ауданының Сексеуіл елді мекені 1200 шақырымдық магистраль бойындағы ең ірі станcаға айналып келеді. Айта кетейік, болат жолдың 272 шақырымы Қызылорда өңіріне тиесілі. Осы аралықтың өзінде 6 жүк бекеті орын тепкен. Сондықтан Арал маңы тұрғындары үшін жүздеген жаңа жұмыс орны ашылуда. Сонымен қатар Сексеуіл стансасы маңынан түрлі әлеуметтік нысан мен жеке тұрғын үйлер салынып жатыр.
Нұрмұрат Ерманов, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты:
- Жезқазған-Бейнеу жолының берілуіне байланысты біріншіден, көптеген жұмыс орны ашылады, екіншіден бұл Сексеуіл стансасына 300 млн. теңгеден астам инвестиция құйылды. Осы қаржыға әлеуметтік нысандар, үйлер салынады. Сондықтан біздің облысқа пайдасы көп. Осы жолмен қазір солтүстіктен оңтүстікке құрылыс материалдары тасымалданатын болса, тауар 40-50 пайызға арзандайды.