Маңғыстау облысында жоғалған радиоактивті цезий табылды, деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түні Қызылорда қаласының тұрғыны белгісіз азаматтың «КамАЗ» жүк көлігімен Маңғыстау облысында жоғалған цезийді тасымалдап бара жатқандығын хабарлады. Хабар түскен сәттен бастап Қызылорда және оған жақын облыстардың жеке құрамаларына автомашинаны ұстау туралы нұсқау берілді. Полиция органдарының жедел жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат екіде Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм ауылына кіреберіс бұрылыста «КамАЗ» жүк көлігі жүргізушісімен және жолаушысымен ұсталды, көліктен жоғалған капсулалар табылды. Қазіргі уақытта жүргізуші мен жолаушы Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, тергеу амалдары жүргізілуде», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 28 тамызда орын алды. Алайда бұл туралы ТЖД-ға компания 30 тамызда ғана хабарлаған. Бұл ақпарат дереу барлық тиісті органдарға хабарланды. Контейнерді іздеуге 45 техника және облыстық құқық қорғау органдарының 257 қызметкері жұмылдырылды.
Изотопты мұнай-газ саласындағы жұмыстар үшін пайдаланған. Контейнерде диаметрі 8 мм және биіктігі 12 мм капсула болған.
«Жоғалған заттың құны - 85 мың теңге. Бұл техногендік изотоп биосфераны ластайтын күшті зат. Контейнер ашылса, радиациялық қауіп төнеді. Контейнер жабық мекемеде ашылса, онда адам ішкі және сыртқы сәулеленуге тап болады, далада ашылса, сыртқы сәулелену болып, цезийдің көп бөлігі қоршаған ортаны ластайды», - деді БН-350 реакторлық құрылымды пайдаланудан шығару бойынша департамент директоры Юрий Широбоков.