Қанат Әлжаппаров Қызылордада жеке концертін берді

Бейсенбіде «Әзіл әлемі» театрының актері Қанат Әлжаппаров Н.Бекежанов атындағы театрда жеке концертін берді. Туған жерінде тұңғыш рет думанды кешін өткізіп отырған Қанат елінің ықыласына бөлініп, батасын алды. 

«Сыр елінде бірінші жеке концерт беріп отырмын. Жалпы, дәл осы Астана қаласының туған күнінде қойылды. Концерт беру мүлдем ойда болмаған. Қала әкімдігінің тапсырмасымен, Тұрсынбек Қабатовтың демеп-қолдауымен «Көңілді Астана» деген атпен кеш ұйымдастырдық. Ал енді Қызылордадағы концертті Отбасы күніне орайластырып отырмыз. Елбасымыздың Жарлығымен бұл мереке былтырдан қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланатын болды. Сыр елі – менің отбасым десем де болады. Сондықтан шама келгенше әзілімізді айтып, халықтың көңілін көтеруді мақсат тұттық. Бір жағынан, «бұл бала не бітіріп жүр?» деп ойлап жүрген Қызылорда тұрғындар мен ағайын-туыстың алдында есеп беру кешім», – деді Қанат Әлжаппаров.
 Айта кетейік, концертте Гүлнұр Оразымбетова, Мұрат Қожа, Асхат Тарғын, Абай Бегей сынды белгілі әншілер хит әндерін орындады. Халық «Әзіл әлемі» театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың та өнерін тамашалады, деп хабарлайды "Сыр бойы" газеті сайтының тілшісі.
 


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қыркүйек 2014 г. 3 390 0