Қызылорда қаласында бюджеттен бөлінген қаржының үштен бір бөлігі коммуналдық шаруашылық саласына бағытталған. Бұл жөнінде облыс әкімінің төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының перспективалық даму мәселелері туралы мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды қалалық ішкі саясат бөлімі.
Қызылорда қаласы бүгінде аймақ экономикасының барлық салаларындағы оң өзгерістер бойынша көш бастап келеді.
Облыста өндірілетін өнімнің 93,5 пайызы, орындалған құрылыс жұмыстарының 53 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Биылғы жылдың 1 тамызына қалалық бюджеттің жалпы кірісі 38 млрд. 444 млн.теңгені құрады. Оның ішінде өз кірістеріміз 42,8 пайыз (16 459,3 млн.тг.).
Аталмыш қаржының үштен бір бөлігі коммуналдық шаруашылық саласына(31,1%) бағытталды.
Жол инфрақұрылымы – экономика саласының үлкен бөлігі. Қаланың дамуы мен өркендеуі алдымен жолынан байқалады. Осы ретте, қала көшелері кезең кезеңімен жөнделуде.
Мәселен, өткен жылы республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд.412 млн.теңгеге жалпы ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу, жұмыстары жүргізілсе, биыл облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген 4 млрд. 558 млн.теңгеге жалпы ұзындығы 87,4 шақырым болатын 93 көше жолдары қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде.