Бірлесбек Алияров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Бірлесбек Алияров Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 1939 жылдың 1 қыркүйегінде туған. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, еңбек сіңірген энергетик.
Білімге құштар бесеу
– Әкем Қани төрт сыныпты бітірген, орысша білетін кісі еді. Өзінің еті тірілігінің арқасында теміржолға жұмысқа тұрып, Төменарық стансасында жұмыс істепті. Партия қатарына қабылданып, Тұтынушылар одағына жұмысқа шақырады. Сол жерде зейнет жасына дейін еңбек еткен, – деп бастады әңгімесін Бірлесбек аға. – Әкем алдында отау құрып, неге екенін айырылысып кетіпті. Досы «Ержан деген кісінің отырып қалған қызы бар» деп анаммен сырттай таныстырады. «Отырып қалған» қыздың, яғни анамның жасы сол кезде 19-да екен. Шешем тек сауат ашу курсын бітірген, буындап оқып шығатын. Бес ағайындымыз. Әке-шешеміз бесеуімізді де оқытып, жоғары білім әперді.
Бала Бірлесбек бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде аурушаң болды. 5-6 ай ғана мектепке барады, қалған уақытта ауырып, сабақтан қалып қоя беретін. Апасы Раба көрші баладан үйге берілген тапсырманы сұрап алатын да, сабақты өзі үйрететін. Ахмет нағашысының әйелі, яғни Әнипа жеңгесі 1-4 сыныпта жетекші болды. Ол көркем жазу, сурет салу сабағынан ылғи төрт қоятын. Бастауышты бітіріп, жеңгесінен «құтылған» соң ғана үздік оқушылардың қатарына қосылғанын айтады ол.
– Екіншіден төртінші сыныпқа дейін оқып жүргенімізде бір үзім нанға тосап жағып, шай беретін. Сонда сыныптас қыздарымыз нанды жемей, үйдегі бауырларына алып кететін. Қазіргі күнге дейін олардың мейірбандығына таңғаламын. Бір қызығы, сол қыздардың бәрі менен үлкен еді. Бірде-бір қыз бізбенен 10-сыныпты бітірген жоқ. Ең соңғы қыздың өзі 10-сыныпта оқып жүргенде күйеуге тиіп кетті, – деп еске алады балалық шағын Бәкең. – Біздің жақтың жазында 50 градус аптап ыстық болады. Суға қайта-қайта түсе берген соң денеміз жарылып кететін. Шешеміз кешке балтырымызға май жағып жұмсартатын. Ал қыстыгүні арнайы алаң жоқ, көшеде доп-таяқ ойнаймыз. Бір күні доп-таяқ ойнап жүргенде көзіме батпақ кіріп кетті. Салтанат деген апамыз көзіме тілін салып жіберіп, ішіндегі батпақты алып шыққаны есімде.
Жаңақорған шағын ғана қалашық болғанмен сол жылдары ол жерде орыс ұлтының өкілдері көп болды. Орыстар Крепость деген жер мен вокзалдың маңында тұрды. Аралас ұлттың арасында өскен соң бала Бірлесбек қазақша да, орысша да сөйлей беретін. 5-сыныпқа барғанда бірінші рет орыс апай сабақ берді. «Жазғы демалыста не істедіңдер?» деп сұрады ол. Оқушы Бірлес каникулда Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын оқығанын айтты. Кітаптың мазмұнын айтып беруді сұраған апайы «5-сыныпта оқитын бала қазақша оқыған кітабын орысша айтып тұр, орыс сыныбына ауыстырайық» деп директорға айтады. Бұл болған оқиғаны әке-шешесіне жеткізіп, олар Шымкентте жұмыс істейтін ағайына хабарласса, «Орыс тілін түбінде үйренеді, қазақ тілінен айырылмасын. Баланың басын қатырмаңдар» деген көрінеді.
– Әке-шешеміз біздің көзімізше ұрысып, біріне-бірі ауыр сөз айтқан емес. Әкем айтса, шешем көнген болады, бірақ есейе келе бәрібір шешеміздің айтқаны өтетінін түсіндік. Шешем, әсіресе, маған келгенде қатал болды. Мұғалімдер 5-сыныпта оқып жүргенімде шешеме «Бізде мұндай алғыр бала болған жоқ, бірақ жалқау» депті. Анам «Төрттік баға алсаң, оқтаумен сабаймын» дейтін. Баламыз ғой, соған кәдімгідей сеніп қалатынмын. Өзіммен тетелес інім сабағын өзі оқып, дайындалатын. Шешем қуып келіп сабаққа отырғызбаса, мойыным жар бермейтін. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде анам бір бауырым қолында, екіншісін жетектеп базардан келді. Күн жанып тұр. Әкеммен бірге мотоцикл жөндеп жатқанмын. Маған «Одан да сабағыңды оқымайсың ба?» деп еді, «Оқымаймын, қойшы боламын» дедім. Анам үтікті алып жіберіп қалды. Тұра қаштым. Біраз уақыт өткенде басым салбырап, «оқимын» деп үйге келдім, – дейді ғалым. – Шешем өте ұқсатымды кісі болатын. Бізге киім тігіп беретін. Шешемнің сегізінші сыныпта оқып жүргенде тігіп берген көйлегін тоғызыншы сыныпта да киіп жүргенмін. Бір күні жұлқа тартынып қалғанда көйлектің арқасы қақырап кеткені. «Жалғыз көйлегім жыртылып қалды» деп сондағы көңілімнің құлазығаны-ай. Рас, біздің бала күнімізде таршылық көп болды.
Мысалы, сегізінші сыныпта құлақшын сатып алып бере алмай, атамның тымағын киіп шыққаным есімде. Қатар оқыған ағам «Мен ақымақ болып, шапка кидім, содан миым болмай қалды, Бірлесбек атасының тымағын киіп еді, содан ақылды болды» деп қалжыңдайтын.
Ұстаз үміті
Жаратылысынан алғыр ол мектепте белсенді комсорг болды. Көп мәселеде шешесі ақыл қосатын. Анасы мектеп бітірерде «Балам, партия мен үкімет ісіне қызықпа, өйткені оның бар мәселесі күбір-сыбырмен шешіледі, қабілетіңе қарамайды, одан да ғылымға, оның ішінде техника жағына бар» деп кеңес берді. Өзі оқымаған адамның осындай кеңес бергеніне осы күнге дейін таңғалады. Мектепті медальға бітірейін деп тұрған жерінде біреулердің қиянатынан «Қазақ тілі» пәнінен «4» алып, медальге ілінбей қалды. Ыза болғаны сонша үш күн тамақ ішпей, бүк түсіп жатып алады. Сонда анасы «Балам, бұл жатыспен ешкімді жеңе алмайсың. Оқуға түссең, онда сенің жеңгенің!» деп қайрады. Нартәуекел деп ҚазМУ-дың физика факультетіне оқуға тапсырды. Ол жылы жалпы санағанның өзінде бір орынға алты адамнан келіп тұр еді. Оның ішінде медальмен бітіргендер, әскерден келгендер, бұрын жұмыс істегендер бар дегендей, оларды қосқанда бір орынға 10-12 адамнан болды. Дайындыққа барса, математикадан бұлар өтпеген көп нәрселерді айтып жатыр. Ауылда сол кезде оқушылар бірінші тоқсанда күріш, мақта алқабында жұмыс істейтін. Сол кезде біраз сабақты жіберіп алғанын сонда білді. Әлі 17-ге де толмаған кезі. «ЖОО-ға түсушілерге арналған анықтамалық» кітабын 20 күнде күніне сегіз сағат тапжылмай отырып оқығанда бағдарламаны толық оқып шығатынын есептеп шықты. Кітаптан бас көтермей дайындалып, ақыры емтиханның алтауынан да бес алып оқуға түсті. ҚазМУ-де оқу оңай болған жоқ. Мектепті қазақша бітірген, терминдерді түсінбей қалады. Сондықтан бірінші семестрді бітіргенде физикадан екі алды. «Университетте өте үздік оқығандардың қатарында болдым» дей алмайды. Арасында спортпен айналысты. Су добынан, жүзуден ҚазМУ-дың құрама командасында болды. Сабақтан бағасы жоғары болмаса да одан үлкен үміт күткен ұстаздары университетті бітірген соң Энергетика ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа қалдырды. Оқуды үздік бітірген қыздар «Бірлесбектің бізден балы төмен ғой, ол қалып, біз неге облысқа баруымыз керек?» дегенде профессор Л.Вулис «Сіздер жақсы магнитафонсыздар. Менің бүгін айтқанымды ертең қайта айтып бересіздер. Ол – нашар магнитафон, сондықтан бірдеңе ойлап шығарады» деп жауап бергені есінде.
Оқу бітірген жылы әкей жұмыстан шығып қалды, апасы онсыз да жұмыс істемейтін. Үйде өзінен кейінгі үш бала бар. «Ауылға барып мұғалім болып сендерді асырайын» дегенінде әкесі «Балам, сенің басыңда бірдеңе бар сияқты. Оқып, кандидаттық қорғап ал» деді. Кандидаттық қорғаған соң ғылыми-зерттеу институтының айлығы оқу орындарынан төменірек болатын. Шешем «Балам, сен өскенде кандидаттар да көбейіп кетеді. Ақшаға қызықпа. Докторлығыңды қорғап ал» деп кеңес берді. Ол көбіне анасының ақылымен жүргенін, одан жаман болмағанын айтады.
Келінді анам таңдады
– Университетті бітіріп, бір жыл жұмыс істеген соң ауылға бардым. Жасыратыны жоқ, орыстың қыздарына көбірек қырындаған кезіміз де болды, – дейді Бірлесбек аға жалынды жастық шағы есіне түсіп жылы жымиып. – Анам «Осы балам орыстан келін әкеліп қояды-ау» деп қорқады екен. «Біздің үйге келін болуға осылар жарайды-ау» деп өзі бес қызды көзге басып қойыпты. «Апа, өз басым кіммен болса да тіл табысамын. Келген адам сізбен сыйысуы, тіл табысуы керек. Ертең сіздер келісе алмасаңыздар «Мынау өз шешем, мынау баламның шешесі. Қай жағын қолдаймын» деп мен де қиналамын ғой. Осының ішінде қайсысы сізге жайлы?» деп өзіне сұрақ тастадым. Анамның қалаған қызымен бір-екі рет кездесіп, сөйлесіп, үйге алып келдім. Үйленерде «Мені сүйесің бе, жоқ па, ол екінші мәселе. Сен менің шешемнің тілін табасың ба?» деп сұрадым. Ол «табамын» деп уәдесін берді. Екеуіміз осылайша үйлендік. Күләнда көп жігіт қызығатындай ажарлы, бұрымы тізесіне дейін түскен қыз еді. Медучилище бітірген. Шешем келініне «Байқа, біздің бала білім жағынан өте дамыған. Сен одан қалмай жоғары оқу орнын бітіріп ал» деп кеңес беріп, Күләнда ҚазМУ-дың биология факультетін бітіріп алды. Зайыбым дәріханада, ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. Тамаша дауысы бар еді. Әнді жақсы салатын. Әсіресе, соңғы жылдары «Ақ сұңқар» ансамбілінде дауысына қоса орындау техникасы өсіп, ән орындауы жоғары деңгейге жетті. Оған «Той-жиынға академик болып барып, әншінің күйеуі болып қайтамын» деп қалжыңдайтынмын. Соңғы жиырма жылда мен шетелдіктермен жұмыс жасадым да, көп қиыншылық көрмедік. Ол кісі де рахат өмір сүрді деп айта аламын. Зайыбыммен 50 жыл бірге тұрып, өткен жылы қайтыс болып кетті. Сондай үлкен сыйластықта өмір сүрдік. Өзі қиналып тұрса да менің қамымды ойлап, ғылыммен алаңсыз айналысуыма бар мүмкіндікті жасады. Бір ұл, бір қыз сүйдік. Екеуі де энергетика саласын таңдап, жұмыс істеп келеді. Менің ең үлкен табысым – балаларымыздың өмірден өз орнын тапқандығы. Қызым Мәдина Алматы энергетика институтында абыройлы мұғалім, білімі мықты деп айта аламын. Сабақты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізе береді. Ұлым Алижан Голландия мен Ресей компанияларында жұмыс істейді. Ал ең үлкен жоғалтқаным – өмірлік қосағымның өмірден озып кеткендігі...
Сұлтан көкем салған жол
– Заңгер-ғалым, академик Сұлтан Сартаев ағамыз болып келеді. Шындығында, ол кісінің де тегі Алияров. Атамыздың ең үлкен немересі. Сондықтан ол кісіні біз Сұлтан көке дейміз. Менің адам ретінде қалыптасуыма көкемнің көп әсері болды. Шешем «Сұлтан ағаң сияқты ғалым бол» деп үнемі құлағыма құйып отыратын. Көкем Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағанда еріп бардым. Тәртіп бойынша докторлығын қорғап, елге рақметін айтып, ең соңында «Осыдан 18 жыл бұрын осы залда, осы жетекшіммен, осы оппонентпен кандидаттық қорғап едім. Бүгін сіздерге 18 жыл Қазақстанда істеген жұмысым туралы есеп беріп тұрмын» деп еді, жұрт ду қол шапалақтады. Кейіннен өзім де Мәскеуде докторлық еңбегімді қорғайтын кезімде сөзімнің соңын Сұлтан көкем сияқты тың леппен аяқтауым керек екенін түсіндім. Жалпы рақмет айтсам, елеусіз болып қалатынын біліп, сөзімнің соңын ерекше аяқтауға тырыстым. Менің қорғайын деп тұрған жұмысым – көмір жағу. Осы жерде мына бір оқиға есіме түсіп тұр. Бір күні шешем:
– Балам, осы сен не істеп жүрсің, шаршап келесің ғой? – деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ:
– Апа, мен көмір жағумен айналысамын, – дедім.
– Балам-ау, біздің ауылдың от жағушылары екі ай оқып-ақ көмір жағады ғой, – демесі бар ма?! Әуелі сасып қалдым. Сосын:
– Апа, сіз күлді тастайсыз ба? – деп өзіне қарсы сұрақ қойдым.
– Иә, тастаймын.
– Мен сол күлді жаға аламын, – дедім. Шынында да, менің еңбегім күлді жақпасам да, күлі көп көмірді жағу болатын.
– Е-ее, оған біраз білім керек екен, – деп басылды.
Мәскеуде көмір жағу туралы докторлық диссертациямды қорғап болған соң сөзімнің соңын «Магнитка» (авторы Николай Добронравов және А.Пахмутова) өлеңінен:
В сердце я навек сохраню,
Искренную преданность вам.
Братья по огню, братья по судьбе
Братья по горящим делам! – деген жолдарды келтіріп, «Назар аударғандарыңызға рақмет!» деп аяқтадым. Елдің бәрі таңғалып, ду қол соқты.
Мәскеуліктердің өзге республикадан барып докторлық диссертация қорғайтындарды онша менсініңкіремейтіні көрініп тұратын.Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ленин сыйлығының лауреаты, академик Я.Зельдовичтен жұмысыма пікір алған болатынмын. Залда отырғандардың бірі «Зельдовичтен пікір алудың сәті қалай түсті?» деп сұрады. «Онда сенің қандай шаруаң бар?!» деп тастауға, әрине, болмайды. Мен де қайтпай «Ол оңай нәрсе. Ол үшін Зельдович сіздің жұмысыңызды келіп көруі тиіс. Сосын оның семинарында екі рет баяндама жасау керек» дедім. Әлгі үндемей қалды.
Менің ғылыми жұмысым көмірді таза жағуға байланысты. Біз Екібастұздың көмірін екіге бөліп қарайтынбыз. Күлі 45-тен төмен болса құмы бар көмір дейміз. Ал күлі 45 пайыздан асса, көмірі бар құм дейтінбіз де, оны лақтырып тастаймыз. Көмірді өндіріп, вагонға салып, қайта апарып төгіп тастаймыз. «Мынау жап-жақсы отын ғой, неге тастайсыздар?» десем, институттың директоры академик Ш.Шөкин «Қарағым, сен қай институтта жұмыс істейсің? Энергетикада ма, көмірде ме? Көміршілердің жұмысына араласуға тыйым саламын!» деді. Мақұл деп бас изеген болдым да, жұмысымды жасырын түрде жалғастыра бердім. 1977 жылы «Сапасы төмен көмірді жағуды игеру керек» деген Үкіметтің қаулысы шықты. Мәскеуде Бүкілодақтық жиналыс болды. Шетінен шығып сөйлеп жатыр, бірақ көбінікі бос сөз. Кезек маған келгенде плакаттарды іліп, өзімнің нақты ұсыныстарымды айтып шықтым. Үзілісте «Сенің жобаңды көрейікші» деп көпшілік айналама жиналып қалды. Соның негізінде, Екібастұздың екінші стансасында жетілдірілген қазандықтар қойылып, жұмыс жасап жатыр. 1986 жылы сол еңбегіміз бағаланып, Мемлекеттік сыйлық берілді, – дейді Бірлесбек аға тағы бір өмір жолын ой елегінен өткізіп.
Жаңалық ашқанымды сезбей де қалдым
«Өмірде жұмыс жағынан жалпы қолайсыздық болуы мүмкін, бірақ қиындық болмайды, өйткені ол сенің жасап жатқан өз еңбегің. Мұнда адам мен адамның қарым-қатынасы қиын. Ондай жағдай екі рет басымнан өтті» дейді Бәкең. Енді сол бір кезеңге оралайық:
– Институт директорының орынбасары Александр Рязняков «Бірлесбек, мынадай тақырып бар» деп шақырды. Менің бағытым басқа болатын. Ракетадан көмір жағуға келейін деп жатырмын. Білетінім, онда да, мұнда да жанады, басқа ештеңе сезбеймін. «Теория сіздікі, тәжірибенің бәрін мен істеймін, бірақ мақаланы бірге жазайық» деп келістік. Бір күні Рязняков барлық теорияны менсіз мақала етіп басып жіберіпті. Теория кетсе, тек тәжірибемен ғылыми дәрежені қорғау мүмкін емес. Екі айдай ойланып жүрдім. Бір күні өзімнің оның теориясынан кетіп қалып, басқа теория шығарғанымды түсіндім. Оның айтқаны мен менің істегенімнің арасында біраз қашықтық бар екенін дәлелдеп мақала жаздым. Қорғаған кезде «Рязняков қайтыс болған соң оның жазғанын пайдаланып кетті» дегендер болды. Бірақ ол кезде Рязняков тірі болатын.
Ғылым докторы атағын қорғауға жақындағанымда да мәселе туындады. Директорымыз Ш.Шөкин жалпы докторларды ұнатпайтын. «Орнымды алып қояды» деп ойласа керек. Ашық түрде айқаспаса да, сыбыр-сыбырмен көп мазамды алды. Докторлық қорғайтындарға жарты жыл демалыс беріп, қайда барамын десе де, жіберетін. Мені ешқайда жібермейді. Машинамды сатып, қаражат қылып, докторлығымды қорғап алуға барынша жұмыс істедім. Шөкин 1944 жылы институтты ұйымдастырып, өмір бойы соны басқарған адам. Бетіне ешкім қарсы келмеген. Комсомол болып белсенді жұмыс жасап жүргенімде де қарсы шығып қалған кездерім болды. Сол қарым-қатынас докторлық қорғайтын кезде алдымнан шығып, біраз әурелегені рас.
Бірінші ашқан жаңалығым – сапасы төмен көмірді жағуды игеру. Кейінгі жылдары темір жолдың саласында бірталай жұмыс істедім. Жайлы вагондар жасауға біраз еңбектендім. Мысалы, пойызға мінген ана қасында ешкімі болмаса, жас баласын уақытша қайда қоярын білмей қиналатыны рас. Біз вагондарда ұшақтардағыдай аспа бесік жасадық. Ана баласын уақытша аспа бесікке салып қоя алады. Сосын, «жаман айтпай, жақсы жоқ» жүріп келе жатқан пойыз оқыстан аударылған кезде адамдар қалай шығарын білмейді. Пойыздың биіктігі үш метр, кез келген адам ондай биіктіктен секіріп түсе алмайды. Көмектесетіндер де вагонға кіре алмайды. Ұлымыз екеуіміз пойыздың астына саты жасауды ұсындық. Ол ештеңеге кедергі жасамайды, бірақ оқыс жағдай орын алған кезде адамдардың пойыздан жедел шығуына мүмкіндік береді. Осындай біраз жаңалықтарымыз бар. Бұл әдіс өз елімізде де, шетелдерде де өндіріске енді, қолымызда патентіміз бар, бірақ бізге ештеңе төленген жоқ.
Тығырықтан шығуға тапқырлық қажет
– Елдің елдігін жоймай, ұстап тұратын оның салты, ата дәстүрі. Халқымыздың көп салты өмірден алынған. Мәселен, қазақта руын сұрағанда бөлінейін деген ой болмаған, басқа мақсатта пайдаланбаған, жақындық, туыстық іздеген.
2009 жылы вагон жөндеу зауытына қызметке келгенде зауыт жұмысшылары ереуілге шығып, дүрлігіп жатқан кез еді. 2000 адам көтеріліп «Қырамыз, жоямыз, көшені жабамыз. Ертең әкімшілікке барамыз» деп әбден дүрлігіп жатқанда мен бардым. Жұртты сабырға шақырып, қалыпты күйге келтіру оңай болған жоқ. Дегенмен, қиын жағдайдан біртіндеп шықтық. Бір күні үлкен жиында:
– Қазақша сөйле! – деп айқайлады залдан.
– Атың кім?
– Манап!
– Манап, сен екі-ақ ауыз сөз айттың, осы екі сөзден үш көргенсіздікті байқадым. Біріншіден, менің жасым үлкен, сенің «Қазақша сөйле!» деп бұйрық беруге қақың жоқ. Екіншіден, қалай дегенмен де мен – бастықпын, сен менің қол астымдағы адамсың, маған қай тілде сөйлеу керектігін айта алмайсың. Үшіншіден – дұрыс айтпадың.
– Қалай айтуым керек еді?
– «Көке, орысша айтсаңыз біздің түсінуіміз кемдеу болады, қазақша айтсаңыз толығырақ түсінер едік» десең, ол өтініш болар еді, – дедім. Әлгі жігіт басын төмен салып, үндемей қалды. Ретімен, дәл кезінде сөз таба білсең қандай тығырықтан да шығуға болады, – дейді өмірден түйгені көп академик.
Бірлесбек Қаниұлы ғалым ретінде бірталай кітаптар шығарды. Қаншама ғылым кандидаттарын, докторларын дайындады. Қазіргі таңда қазақтың ғылыми техникалық тілін дамытуға орысша-қазақша сөздіктерді құрастыру арқылы атсалысып жүр. Оған энергетика саласына қатысты томы тиді. Бұрын 4000 терминді жазған, енді 9000 терминді әзірледі. Сөзбе-сөз аударғанды олқы көріп, жылу энергетикасына қатысты 1500 терминге орысша-қазақша түсіндірме жазды. Орысша-қазақша, оның қасында ағылшын тілінде де аудармасын берді. Бұл – болашақтың қамы, өйткені біздің балаларымыз ертең ағылшынша да оқиды ғой. Мүмкіндігі барынша сол сөздердің шыққан тарихына тоқталды. Үлкен жұмыс, бірақ сәтті аяқталды.
– Қазақ тілін құр сөзбен қорғаушылар көп қой, – дейді Бәкең. Құр айқай, бос байбаламның қажеті жоқ.– Бірде «Қазақ тілін құртқан осы сен сияқтылар» деді бір жігіт. Сондағы менің жазығым – кемінде үш тілді үйрену керек дегенім. Тек қазақ тілін білсең, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан сияқты санаулы мемлекетте жұмыс істей аласың. Ал орыс тілін білсең, 300 миллион халықпен тілдесуге мүмкіндік туады. Ағылшын тілін меңгеріп шықсаң, 1 миллиард халықпен сөйлесе аласың. Әлгі жігітке «Туысқан, сен осы айқайдан басқа, қазақ тіліне не істедің?» деп сұрадым жай ғана. Әлгі «Ал сіз не істедіңіз?» дейді қарсы сұрақ қойып. «Мен бес сөздік жаздым. Энергетика саласында қазақ тілі қалыптасып келеді» деп едім, әлгі үндемей қалды. Жұрттың көзіне түсу үшін бос айқайлаудың қажеті жоқ. Неге оқымасқа, неге тіл үйренбеске?! Сонда біздің балаларымыз ауылдан шықпай отыруы керек пе? Дүниежүзін шарлап, өзгелерді мойындатуы керек.
Өзім қатарлылар зейнеткерлікке шығуға дайындалып жатса, мен қазіргі заманда ағылшын тілінсіз жұмыс жасаудың қиын екенін түсініп, 54 жасымда ағылшын тілін үйрендім. Компьютерді 65 жасымда меңгердім.
Бірде жұмыс бабымен қытайлар келді. Мамандығымызға байланысты сұрақтар қойып отырмын. Қытайлармен бірге келген аудармашы қазақ жігіті «Аға, сізге рақмет! Қазақтардың қандай екенін көрсеттіңіз! Әйтпесе, бұлар бізді кемсітіп қарайтын» деп ризашылығын білдіріп жатты. Әлгі жігіт қытайлармен бірге келіп, аудармашы ретінде олардың ақшасын алып отыр. Бірақ қанша дегенмен өз ұлтымыздың намысын ойлап отырғаны қуантты. Бұл – патриотизм! Өз ұлтын жақсы көру, оның мәртебесінің биік болуын аңсау, армандау. Әр қазақтың орны неғұрлым жоғары болса, соғұрлым әлемді мойындата аламыз. Шыңғыс Айтматовтың «Любить свою нацию – патриотизм, ненавидить чужую нацию – национализм» деген жақсы сөзі бар. Бұл өте дұрыс айтылған. Мысалы, Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкіровалар қазақты әлемге танытып жүр. Қаншама спортшыларымыз бар. Ұлттық мақтанышымыз Жақсылық Үшкемпіров қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болған кезінде «Шіркін-ай, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы менен гөрі денелі, түрі дұрыстау қазақ болмады-ау» деп айтқанын естігенмін. Кейін бір кездесіп қалғанымызда «Осы сөз рас па?» деп сұрадым. Ол «Рас, «Біздің батырымыз» деп мені көрсеткені ұят қой, қазақтың бәрі осындай екен деп ойлайтын болды-ау» деп өзінің шағын ғана дене бітіміне көз жүгіртіп өтті. Бұл – шын патриотизм, ұлтын сүю.
Академик Бірлесбек Алияров туралы ақпараттарға көз жүгіртіп отырып оның 1996 жылдан бері Жаңақорғандағы өзі оқыған мектептің үздік оқушылары мен ұстаздарына арнайы сыйақы тағайындап, оларды қолдап келе жатқанын білдік. Бізбен әңгімелесу барысында «Ақшаны параға емес, балаға салу керек. Сүйреп, оқытып, үйретсе ғана баланың болашағы болады. Баланың болашағы – елдің болашағы» деген еді. Қаракөз қазақ балаларының білімін шыңдауға жан-жақты үлес қосып келе жатқан ардагер ғалымның еңбегіне шын риза болдық. Бізге ақтара айтқан сырына қарағанда ғалымның әлі де атқарар ісі, елге берері мол. Тек, Алла амандығын берсін. Бағындырғалы отырған 75 жылдық асуы құтты болсын!