Елбасымыз Н.Назарбаев: «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануы тиіс. Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подьезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады» - деген болатын.
Құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты негізінде атқарылуы қажетті жұмыстарды жандандыру мақсатында Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен тамыз айының 22-28 аралығында облыс көлемінде «Тазалық апталығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
Жедел профилактикалық іс-шараға ішкі істер департаментіне қарасты қызмет салаларымен аудандық ішкі істер бөлімдерінен барлығы 416 қызметкер жұмылдырылды.
Іс-шара барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша белгіленбеген орында сауда жасаудың - 149, ұсақ бұзақылықтың - 258, оның ішінде қоғамдық орындарды ластаудың-232, түнгі тыныштықты бұзудың-221, спирттік ішімдік ішіп қоғамдық орындарда жүрудің -354, жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегудің-126, кәмелетке толмағандардың яғни, 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз жүруінің - 219, қалалар мен елді мекендерді көріктендіру ережесін бұзудың - 201 дерегі анықталған.
Мысалы, Шиелі кенті, Досбол-датқа көшесінің бойында түскі уақытта спирттік ішімдік ішіп, қоғамдық орында адамның қадір-қасиетіне әрі қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретіндей жағдайда мас күйінде жүргені үшін Шиелі ауданы, Шеген Қодаманов ауылының тұрғыны, «К.С» есімді азамат ұсталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9260 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін жеке тұрғындардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіру жауапкершілігі заңмен белгіленген. Алайда, Шиелі ауданы, Ақмая ауылының тұрғыны, «М.М» есімді азаматқа осы көшенің бойында азаматтардың түнгі тыныштығын бұзғаны үшін оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 333-бабына сай хаттама толтырылып, ескерту жасалған.
Қызылордалық полицейлермен қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету арқылы белгіленбеген орындарда сауда жасаудың, ұсақ бұзақылықтардың, қоғамдық орындарды ластаудың, түнгі тыныштықты бұзудың, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішіп жүрудің алдын-алу, болдырмау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табуда.