Қызылордада жаңа жұмыс орындары құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында жасаған мәлімдемесінде азаматтарға соңғы екі айда қаржылай көмек көрсетілгенін атап өтті. Осы кезге дейін республика бойынша 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілген.

Сондай-ақ, 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілген.

 Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды, – деді Мемлекет басшысы.

Аталған шаралардың барлығы қиындықты еңсеріп, халыққа дер уақытында демеу көрсету үшін жасалды.

Жиында Президент алдымызда өзекті мәселелер тұрғанын да айрықша атап өтті. Басты міндеттердің бірі жұмыссыздықтың санын азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстар артқарылмақ.

Алдағы уақытта  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Сонымен қатар, бұл қаражатты шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болатыны айтылды.

 Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет, – деді ел Президенті.

Қазіргі уақытта аталған жоба аясында Қызылорда қаласы бойынша бірқатар жаңа жұмыс орындары құрылмақшы. Өңірдегі білім беру, мәдени, спорт, коммуналдық объектілердің жөндеу жұмыстарын және құрылысын жүргізу бойынша биыл 3000-нан астам адамға жаңа жұмыс орындары ашылады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының карантин талаптарын азайту мақсатында берілген тапсырмаларын орындау үшін 11-ші мамырдағы жағдай бойынша Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығы қызмет алушыларға жұмыс күндері күнделікті сағат 10.00-ден – 18.00-ге дейін қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қызмет көрсетуді бастады.

Қала тұрғындарына тікелей қызмет көрсетудің жаңғыртылған алғашқы күнінде 100-ден астам адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының кіші бағдарламалары, яғни Жастар практикасына – 9, Әлеуметтік жұмыс орындарына – 7, Қоғамдық жұмыстарға – 11 жолдама берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 5 өтінім қабылданды.   

Қашықтан жұмыс жасаудан кейінгі алғашқы жұмыс күнін қорытындылай келе, қала тұрғындарында мәселелер қордаланып қалғаны сезілетінін және оған көмек көрсету мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық қажеттіліктерін ескеру, әлеуметтік мәселелеріне зейін қою, шешілу жолдарын ұсыну, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында қабылдап жатқан оңтайлы шешімдерін жұртшылықтың құптап жатқанын мәлімдейміз.     

 

Ернұр БИХОЖАЕВ,

Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры 

 

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 мамыр 2020 г. 527 0