Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығысқа байланысты екі ел наразылық ноталарымен алмасты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.Қырғызстандық Кабар агенттігінің хабарлауынша, Тәжікстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Н.Ализода Қырғызстанның мемлекеттік шекарасында 8 мамыр күні қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында болған қарулы қақтығысқа байланысты Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне шақырылған. Тәжік дипломатына Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі әскери қызметшілер мен Қырғызстан азаматтарын ұңғыастылық граната оқтары бар автоматтардан, соның ішінде топтық миномет қаруларынан мақсатты атылып, салдарынан шекара қызметінің үш әскери қызметшісі және Қырғызстанның бір жергілікті тұрғыны атылған оқтан ауыр жарақат алуына байланысты наразылық нотасын тапсырды.
Сондай-ақ, болған жағдайға байланысты Қырғыз Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жаныш Рүстенбеков Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Бұл туралы тәжікстандық «Ховар» агенттігі хабарлады.
Елшіге Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қарулы қақтығысқа алып келген Қырғызстан азаматтары мен әскери қызметкерлерінің арандатушылық әрекеттеріне байланысты наразылық нотасын табыс етті. Онда Қырғыз Республикасының азаматының оқ атуы, сондай-ақ қырғыз шекарашыларының кейінгі әрекеттері, Тәжікстан шекара бөлімшелерін кек қайтару шараларын қабылдауға мәжбүр еткені туралы айтылған. Еске сала кетейік, 8 мамыр күні қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында қарулы қақтығыс болған еді.