Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Мерейтой құрметіне орай Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Әбжәлиұлы Ахмет Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірауық Сатыбалдиевтің шаңырағына барды.
Ардагерді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңістің 75 жылдығына арналған арнайы құттықтауын табыстады. Сонымен бірге майдангерге облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың мерекелік құттықтауын жеткізіп, ілтипат білдірді.
Даңқты майдангер 1925 жылдың 1 қазанында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ардагер Саратов қаласындағы командирлер дайындайтын
3 айлық курсқа қабылданып, сержант шенін алып шыққаннан кейін, 361-ші дивизия құрамында Ленинград қаласын блокададан шығару соғысына қатысқан.
Майдангермен жүздесуде сұрапыл соғыста ерлік танытқан даңқты майдангердің ерлігін үлгі етіп, келешек ұрпақ бейбіт күнді ұлықтайтыны айтылды. Құрметке бөленген ардагер ақ батасын беріп, алғысын білдірді.