ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директоры Дамир Көбжасаров коронавирустың екінші толқыны қай кезде келуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Індет жұқтыру көрсеткіштері артуының екінші кезеңі күз мерзімінің екінші бөлігіне келуі мүмкін. Ел халқы вирустың бар екенін ұмытпауы керек. Бұл індет барша әлемде толықтай жойылмады. Кейбір адамдарда бұл ауру ешбір белгілерсіз болады, кейіннен бұл инфекция ағзасы індетке сезімтал кісілерге жұғуы мүмкін», - деді Д. Көбжасаров онлайн тәртіпте өткен брифингте. Сонымен қатар сарапшы эпидемиологиялық жағдайға қатысты оңтайлы пікір білдірді.
«Бүгінде адамдар індеттен сауығып, үйлеріне оралып жатыр. Яғни, өмір жалғасуда, біздің денсаулық сақтау жүйеміз, дәрігерлеріміз өздеріне жүктелген міндетті орындап келеді. Денсаулық жағдайы нашар адамдар сауығып, аяғына тұрып жатыр», - деді орталық директоры.