Коронавирус инфекциясына қатысты Қызылорда облысындағы ахуал жөнінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлім етті. «Соңғы тәулікте 5 адамнан қатерлі індет нақтыланды. Олардың 1-еуі скринингтен анықталса, 4-еуі коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған азаматтар. Соңғы тәулікте барлығы 553 зертханалық сынама алынса, оның 543 сынамасы теріс мәнді болды. 5 сынама оң нәтиже көрсетсе, 5-еуі зерттелу үстінде. Қалдық тест - 5000», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған 3242 азамат анықталды. Оның ішінде, 1746-сы жақын қарым-қатынаста, 1496-сы жанама байланыста болған. «Жалпы 22 сәуірден бері қарай COVID-19 инфекциясы 73 науқастан анықталды. Оның ішінде 12-сі медицина қызметкері болса, 43-і қарым-қатынас арқылы жұқтырғандар, 7-еуі вахталық жұмыстан келгендер арасынан, 3-еуі блокпостта тексеру барысында анықталды. Сондай-ақ, 5 науқас медицина ұйымдарындағы фильтр кабинеттерінен тұмау, пневмония белгілерімен шағымданған азаматтар қатарынан болса, 1-еуі Ресейден келген студент. Жабық мекемелерді скринингілеу барысында 2 науқас белгілі болды. Соңғы 15 күннің статистикасына қарағанда, вирустың жұғу мүмкіндігі қарым-қатынас арқылы болып отыр. Сондықтан тұрғындарды оқшауланып, шектеу шараларына мұқият болуға шақырамыз», - деді басқарма басшысы. Өңірде коронавирус диагнозы жалпы 222 адамға қойылды. Сауығып шықты - 140 науқас.
Әділжан ҮМБЕТ.