Әлем елдерінің әскері COVID-19 індетімен қалай күресіп жатыр

  Коронавирус пандемиясы қоғамда армияға деген көзқарасты едәуір өзгертіп жіберді. Қазіргі таңда көптеген елдің әскерилері инфекцияға қарсы күресте маңызды рөлге ие. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі әлем елдерінің әскері COVID-19 індетімен қалай күресіп жатқанын талдап көрді.

Дүние жүзінде әскери күштердің бәрі де медицина қызметкерлерімен бірге жұмылып, құрлықтағы күштер қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, жергілікті билік органдарына көмек көрсетіп, көшеде дезинфекция жүргізеді. Әуе күштері азаматтарды үйлеріне жеткізіп, гуманитарлық жүк жеткізеді.

Қазақстанда да Қарулы күштер коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы қатарында. Әскерилер карантиндік шараларға кеңінен атсалысып, көшелерге патруль жасайды, биологиялық қауіпсіздік бөлімшелері дезинфекция жүргізеді. Әскери-көлік авиациясының күштерімен біздің отандастарымыз өз Отанына қайтарылып жатыр.

Кәрі құрлықта коронавирус індеті еуропалықтардың қауіпті ауруға мүлде дайын еместігін көрсетіп берді. Осынау қиын уақытта әскерилер санитарлық тазартқыштар мен қораптармен қаруланып, инфекцияға қарсы ымырасыз күрес жүргізуде.

Еуропада вирустан қатты зардап шеккен Италияда армия наурыз айының ортасында жалпы ұлттық карантинді қолдауға жұмылдырылды. Әскери дәрігерлер бірнеше далалық аурухананы жасақтаса, Италия әскери-әуе күштері шетелден дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтарды жеткізіп, сыртта қалған азаматтарын елге қайтаруда.

Коронавирус анықталған адам саны бойынша АҚШ-тан кейін әлемде екінші орында тұрған Испания 60 мыңға жуық әскери қызметкерді дезинфекциялауға және көшелерді патрульдеуге жұмылдырған. Қарулы күштер мұқтаждардың бәріне азық-түлік пен негізгі қажетті заттарды таратып жүр.

Армия ХІХ ғасырдың басында Оңтүстік Америкадағы испандық колониялардағы шешекпен күресу экспедициясын басқарған испан дәрігері Франсиско Хавьер де Балмистің есімімен аталатын «Балмис» операциясы аясында міндетін атқарып келеді.

Германия үкіметі өз кезегінде аймақтық билік органдарының коронавирусқа қарсы күресіне көмек көрсету үшін шамамен 15 мың сарбазды жұмылдырды. Әскерилер медициналық техниканы таратумен және уақытша ауруханаларды орналастырумен айналысады.

Германия Еуропадағы басқа елдерге қарағанда эпидемиямен тиімді күрес жүргізіп жатыр. Бұл ел бүкіл Еуропадан ауыр науқастарды қабылдауға қауқарлы. Арнайы жабдықталған Бундесвер әуе күштері мұндай науқастарды Германия ауруханаларында емдеу үшін тасымалдайды.

Әскери дәрігерлер Францияда да азаматтық әріптестерімен бірге иық тіресе вируспен күресуде. Ондағы әскери-теңіз күштері Францияның шетелдердегі денсаулық сақтау миссияларына қатысады.

Ал Қытай халық азаттық армиясы пациенттерді емдеуден, дезинфекция және көшелерді патрульдеумен қатар халыққа дәрі-дәрмектер мен қажетті заттарды жеткізуді де өз мойнына алған.

Пандемия армияның тек денсаулық сақтау және құқық қорғау саласында ғана емес, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы азаматтық күштерді де толықтыра алатынынн көрсетті. Әлемді шеңгеліне алған кесел осынау қатал саладағы адамдардың адами сипатын көрсетіп отыр.

Бельгияда әскери қызметкерлер қарттар үйіне көмек көрсетеді. Ал поляк әскерилері карантинге жатқызылған адамдар мен коронавируспен ауыратын науқастарға психологиялық қолдау көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы телефон желісін ашқан.

Мексикада вирусқа қатысты күрделі жағдай қалыптасқан. Осыған байланысты әскери адамдар азаматтық ауруханаларды басқаруды өз мойнына алды. Ал Италияда әскери қызметкерлер марқұмдардың мәйіттерін зираттарға апарып, көмеді.

Ресей армиясы көп функциялы медициналық орталықтар салып, Италияға пандемиямен күресуге көмектесуде. Ал АҚШ қарулы күштері байланыс орталықтарына қолдау көрсетіп, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп жатыр.

АҚШ армиясының инженерлері аурухана сала бастады. Ал АҚШ Ұлттық гвардиясы қоғамдық орындарды тазартып, қоғамның ең әлсіз топтарына қол ұшын созған.

Америкалық десант медициналық маска шығара бастады. Ал испандық әскери күштер санитарлық тазартқыштар мен дәрі-дәрмектерді өндіруде. АҚШ, Қытай, Израиль және басқа елдердің қорғаныс ведомстволарының ғалымдары пандемия технологияларын зерттеу мен дамытуға баса назар аударды. Әлем елдерінің әскері қауіпті індетпен осылай күресіп жатыр.


Авторы: Тимур Дюсекеев

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2020 г. 350 0